Тартысқа толы тур

25.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

АҚШ-тың Хьюстон қала­сындағы «Эн-Эр-Джи Стэдиум» стадионында «К» тобының фавориттерінің бірі саналатын Португалия құрамасы Өзбекс­тан командасын 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Биыл­ғы әлемдік мундиальді жан­күйерлер күткендей бастай ал­маған португалдықтар бұл жолы жеңіске деген жігерін бірден байқатты.

Бірінші турда Конго құра­масымен 1:1 есебімен ұпай бөліскен Пор­тугалия турнир кестесінде көш бастай алмаған еді. Сон­дықтан Роналду мен оның серіктестері бұл матчта алғашқы минуттан-ақ шабуылға басымдық берді. Орталық Азия елдерінің арасынан алғаш болып әлемдік додаға қатысқан Өзбекстан құрамасы қысымға толық төтеп бере алмады.

Роналду 6-минутта есеп ашып, матчтың бағытын бірден Португалия пайдасына бұрды. 17-минутта Нуну Мендеш айып соққысын сәтті орындап, есепті еселей түсті. 39-минутта Роналду тағы да гол соғып, дубль авторы атанды және жеңісті бекемдей түсті. 60-минутта Өзбекстан қақпашысы Абдувохид Нематов өз қақпасына автогол соғып алды. Ал 83-минутта алаңға шыққан Рафаэль Леау 87-минутта соңғы голды енгізіп, есепті 5:0-ге жет­кізді.

Каннаваро басқаратын Өзбекстан бұл кездесуде қақ­паны Нематовқа сеніп тап­сырған еді. Жаһандық мундиальге алғаш рет қатысқан жас қақпашы барын салғанымен, тәжірибелі қарсыласқа төтеп беру қиынға соқты. Дегенмен Португалия құрамасы бұл ­ойын­да нағыз жоғары деңгейдегі футбол көрсетіп, қарсыласқа еш мүмкіндік қалдырмады.

Енді Португалия үшінші турда Колумбия құрамасына қарсы ойнайды. Бұл кездесуде жеңіске жеткен команда топта бірінші орын алып, плей-офф кезеңіне көшбасшы ретінде өтеді.

Өзбекстан соңғы турда Конго командасымен кездеседі. Егер ірі есеппен жеңіске жетсе, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қала алады.

Бұл топтағы 2-турдың екінші матчында Мексиканың Сапопан қаласындағы «Акрон» стадионында Колумбия құрамасы Конго командасын жеңді. Кездесудегі жалғыз голды 76-минутта Даниэль Муниос соғып, колумбиялықтарға маңызды үш ұпай сыйлады.

Ал Англия құрамасы 2-турда Гана командасымен ұпай бөлісті. АҚШ-тың Фоксборо қаласындағы «Джиллетт» стадионында өткен ойында есеп ашылған жоқ – 0:0.

Топтағы тағы бір кездесуде Хорватия құрамасы Панама командасын 1:0 есебімен жеңді. Канададағы Торонто қаласындағы «BMO Field» стадионында өткен ойында Анте Будимир 54-минутта шешуші гол соғып, хорваттарға алғашқы ұпайларды алып келді.

Осылайша, 2-тур тартысқа толы, күтпеген нәтижелер мен айқын басымдықтар қатар жүр­ген ойындарымен есте қалды.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью