Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Айта кетейік, 16 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстанның Халық әртісі Фаррух Закировті 80 жасқа толуымен құттықтап, «Достық» орденімен марапаттаған еді.
Фаррух Закировке награданы табыстау салтанатында қазақстандық дипломаттар өнер майталманының мәдениет пен музыканы дамытуға, сондай-ақ халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан ерекше үлесін атап өтті.
Өз кезегінде әйгілі «Ялла» ансамблінің көркемдік жетекшісі көрсетілген құрмет үшін қазақ халқына алғысын білдірді.
— Маған көрсетілген жоғары құрметті бүтін өзбек халқына білдірген ілтипат деп бағалаймын. Бұл — президенттердің Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударатынын аңғартады. Бауырлас елдер арасындағы өзара ынтымақтастықты, сенімді және тату көршілікті өнер арқылы нығайтуға күш салу — мен үшін мәртебе. Мәдениет алдағы уақытта да біздің халықтарымыздың одан әрі жақындасуына ықпал ететін достық көпірі болатынына сенімдімін, — деді Фаррух Закиров.
Өнерімен халықтар жүрегінен орын тапқан Фаррух Закиров Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан және Ингушетияның Халық әртісі жоғары атағына ие болған.
Сонымен қатар әншінің мерейтойы Өзбекстанда да кең көлемде аталып өтілді. Көршілес ел президенті Шавкат Мирзиёев Фаррух Закировтің мәдениетті дамытуға және халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалап, «Буюк хизматлари учун» («Ұлы қызметтері үшін») орденімен марапаттады.
Еске салайық, таяуда Бұхарада өткен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев арасындағы бейресми кездесуде президенттер мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге уағдаласқан еді.