Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Биылғы су тасу маусымына дайындық жұмыстары бұл жолы ертерек басталды. Жаға бекіту жұмыстарымен бірге, эвакуациялық пункттерді дайындау, мал айдайтын орындарды белгілеу жұмыстары атқарылуда. Дегенмен негізгі сұрақ – қабылданып жатқан іс-шаралар ұзақмерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз ете ала ма?
15 гидробекет тәулік бойы жұмыс істейді
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірдегі су тасқыны көлемі ең алдымен Жайық, Ойыл, Қиғаш, Жем және Сағыз өзендерінің жоғарғы бассейндеріндегі күзгі ылғал қоры мен қыс мезгіліндегі қар мөлшеріне тәуелді. Соңғы жылдары климаттың құбылмалығы күшейіп, қардың қалың түсуі мен көктемде күрт жылыну жиілеген. Бұл өзендердегі су деңгейінің қысқа мерзімде шұғыл көтерілуіне әкеледі.
Бұған қоса, мұз кептелістері мен нөсер жауын-шашын жағдайды күрделендіреді. Яғни, табиғи қауіп факторлары сақталып отыр, тіпті кей тұста күшейген. Сондықтан инженерлік дайындықтың сапасы шешуші мәнге ие. «Жағдай толық бақылауда. Көктемгі кезеңде облыс аумағындағы өзендерде орналасқан 15 гидробекет тәулік бойы жұмыс істейді.
– «Қазгидромет» РМК-ның гидробекеттері арқылы келетін су көлемі әр төрт сағат сайын өлшеніп, деректер жедел түрде сарапталады. Бұл өзен деңгейінің өзгерісін уақытылы бақылауға және қауіп төнген жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгінде Атырау облысы бойынша тасқын қаупі бар 51 елді мекен бақылауға алынды. Бұл аумақтарда шамамен 106,4 мың адам тұрады, – дейді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев.
Осыдан екі жыл бұрын облысты дүрліктірген су тасқыны кезінде «Атырау – Индер» трассасы жарылып, біраз уақыт көлік қатынасы үзілгені белгілі. Қазір сол атышулы трассаның «Индер – Қарабау» бөлігіне су өткізу құбыры орнатылып жатыр. Сонымен бірге Атырауға келетін «үлкен суды» ұстайды деген Соколок каналы тазартылып, кеңейтілуде.
«Былтыр өңірде су тасқыны қаупі жоғары деп танылған аумақтарда 106 шақырым қорғаныс бөгеті көтеріліп, нығайтылған еді. Сонымен бірге өзен арналарын тазартып, түп тереңдету жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар негізінен Атырау қаласы мен Жылыой, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандарында жүргізілді» дейді Р.Жұмағазиев.
Алайда сарапшылар мұндай іс-шаралар көбіне «жауап қайтару» сипатында болатынын айтады. Яғни, тасқыннан кейінгі нығайту жұмыстары алдағы қауіптің алдын толық ала бермейді.
Жем өзені «қызыл» аймақ
Қазір Жылыой ауданы тәуекелі жоғары аумақтардың бірі болып отыр. Жем өзені мен Құрсай өзектерінде жалпы ұзындығы 95 шақырым түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған. Бөгеттерді нығайту бойынша 68,8 шақырым жоспарланған, оның 79 пайызы орындалды. 24 қаңтардан бастап жедел штаб құрылып, Жем өзені бойында кезекшілік ұйымдастырылып жатыр.
Жылыой ауданы әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, көктемгі тасқынға дайындық аясында Бақашы ауылы, Қарағай ауылы және Сарқырауық елді мекені маңындағы гидротехникалық жұмыстар үздіксіз тексерілуде. Қазір су өткізу арналары салынып, жағалаулар бекітіліп, әлсіз учаскелер күшейтіліп жатыр.
Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауында 17 елді мекен орналасқан. Махамбет ауданы әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың мәліметінше, 2024 жылы 116 шақырым қорғаныс бөгеттері салынған. 2025 жылғы тасқын қаупіне байланысты олар қосымша нығайтылды. Сонымен қатар Талдыкөл ауылы мен Бейбарыс ауылында жаңа бөгеттер жобасы бекітілген. Махамбет ауылындағы 4,5 шақырым жағалаудың 90 пайызы аяқталса, қосымша жұмыстар Алға ауылында жүргізілуде.
Дегенмен Жайықтың трансшекаралық өзен екенін ескерсек, оның деңгейі тек жергілікті шараларға емес, жоғары ағыстағы жағдайға да байланысты екенін ұмытпау керек.
Қызылқоға және Құрманғазы аудандары: бірнеше өзеннің ықпалы
Қызылқоға ауданында 2025 жылы 28 шақырым қорғаныс бөгеті нығайтылды. Қазір Миялы ауылында Ойыл өзенінің 80 шақырымға жоспарланған түп тереңдету жұмыстарының 65 шақырымы аяқталған.
Сағыз ауылында Ноғайты өзенінің 9,4 шақырым жағалауын нығайту жұмыстарының 90 пайызы орындалған. Құрманғазы ауданында Қиғаш өзенінің 9,1 шақырым жағалауын бекіту көзделген. Дыңғызыл және Көптоғай ауылдарында жұмыстар толық аяқталса, Шортанбай ауылында 85 пайыз орындалған.
Бұл аудандардағы ерекшелік – бірнеше өзеннің тоғысуы және су деңгейінің бір мезгілде көтерілу ықтималдығы болып отыр. Бүгінде облыс аумағында жүздеген техника мен маман жұмылдырылған. Арналар тереңдетіліп, бөгеттер күшейтіліп жатыр. Осал учаскелер анықталып, қосымша қорғаныс шаралары қабылдануда.
Әзірге жағдай тұрақты. Алайда негізгі сынақ – көктемгі қардың жаппай еру кезеңі. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды және кешенді сипатқа ие. Бірақ су тасқыны қаупін толық жою мүмкін емес. Мәселе – оның салдарын барынша азайтуда.
Егер дайындық тек маусымдық науқан ретінде емес, ұзақмерзімді өңірлік қауіпсіздік стратегиясының бөлігі ретінде жүзеге асса, Атырау облысы алдағы жылдары тасқын қаупін айтарлықтай төмендете алады. Ең бастысы – инженерлік сапа, ғылыми болжам және басқарудағы жауапкершілік қатар жүруге тиіс.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы