Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Көпжылдық бақылауларға сәйкес, су тасқынының бірінші кезеңі өзендердің мұз құрсауынан ашылуы кезінде, яғни наурыз айының екінші онкүндігінің соңынан сәуір айының екінші онкүндігінің аяғына дейін байқалады. Осы кезеңде Қара Ертіс, Үлбі, Бұқтырма, Күршім, Абылайкит, Ақсу өзендерінде мұз кептелістерінің болу қаупі бар.
Облыста 1 ақпаннан бастап жоғары дайындық режимі енгізілді. Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штабтың тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Су басу қаупі бар әр елді мекен бойынша жергілікті атқарушы органдардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар бөлімдерінің жауапты тұлғалары бекітілді.
Жалпы, Шығыс Қазақстанда су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары алдын ала басталған. Әуелі тасқынға қарсы іс-шаралар жоспары әзірленді.
2025 жылдың жаз-күз мезгілдерінде инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес 10 қала, ауданда 28 іс-шара орындалды. Атап айтқанда, Риддер қаласында – 1, Глубокое ауданында – 5, Катонқарағай ауданында – 4, Самар ауданында – 1, Марқакөл ауданында – 3, Алтай ауданында – 3, Үлкен Нарын ауданында – 1, Шемонаиха ауданында – 8, Ұлан ауданында – 3, Күршім ауданында 1 іс-шара ұйымдастырылды.
Осы жылдың 9-15 ақпаны аралығында жергілікті атқарушы органдардың су тасқыны кезеңіне дайындығына жұмыс топтары тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша актілер жасалып, қажетті ұсыныстар берілді.
Ақпан айының үшінші онкүндігінен бастап каналдарды, арықтарды, су өткізу құрылыстарын және көпірлерді тазарту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шаралардың 84,4%-ы орындалды. Айталық, каналдардың – 81,8%-ы, арықтардың – 74,3%-ы, су өткізу құрылыстарының – 86,1%-ы, көпірлердің 90%-ы тазартылды.
Елді мекендерден 335 мың текше метр қар шығарылды. Материалдық қорлар да сақадай-сай тұр. Қорда 82 мың дана ыдыс-қап, 10,2 мың тонна инертті материал, 393 тонна жанар-жағармай бар.
Су тасқынының алдын алу мақсатында 7 аудан, атап айтқанда, Алтай, Марқакөл, Үлкен Нарын, Күршім, Шемонаиха, Катонқарағай, Глубокое аудандары әкімдіктері мұз кептелісі болуы мүмкін 20 учаскені анықтады. Бекітілген кестеге сәйкес, Шемонаиха ауданындағы 2 учаскеде, Марқакөл ауданындағы 5 учаскеде және Алтай ауданындағы 1 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізілді.
Ахуал күрделене қалған жағдайда әрекет ету үшін жергілікті атқарушы органдардың, Төтенше жағдайлар департаментінің және азаматтық қорғау қызметтері құрамаларының 3677 адамнан тұратын, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпалармен қамтамасыз етілген күштері мен құралдары дайындалды.
Көктем кезінде төтенше жағдай туындау қаупі болған кезде облыстың азаматтық қорғау жүйесінің, Ұлттық ұланның және Қорғаныс министрлігінің күштері мен құралдары кезең-кезеңімен жұмылдырылады.
Қосымша мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету мақсатында Алтай ауданына 68303 әскери бөлімінің 24 әскери қызметшісі жіберілді. Зардап шеккен тұрғындарды қабылдау үшін 137 эвакуациялық қабылдау пункті анықталды, олардың жалпы сыйымдылығы 13 мың адамды құрайды.
Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта 411 рейд ұйымдастырылып, 12 мыңнан астам жадынама таратылды.
Су тасқыны қаупі күрделенген жағдайда, халықты құлақтандыру 48 сиреналық-сөйлеу құрылғысы, СМС-тарату, телерадиода хабарламамен шығу және «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы жүргізіледі. Бұдан бөлек, төтенше жағдай туындаған кезде «Масс Алерт» халықты хабардар ету жүйесі іске қосылады. Жалпы, облыс бойынша су тасқыны қаупі жіті бақылауда тұр.
Арда БЕКЖАН