Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Бестөбе кен орнындағы «Центральная» шахтасында екі заңсыз алтын іздеуші тау жынысының астында қалып, қаза тапты, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Суыт оқиға 19 мамыр күні «Қазақалтын» ЖШС-не қарасты шахта аумағында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Бестөбе кенішінің 610-горизонтындағы «Махаббат» атты кен желісінің блогында тау массасы опырыла құлап сол жерде заңсыз жұмыс істеп жүрген екі адамды басып қалған.
Оқиға орнына жедел түрде тау-кен құтқару қызметінің мамандары түсірілген. Құтқарушылар шамамен 1,5 шақырым тереңдіктегі жұмыс істемейтін блокта опырылу болғанын анықтады. Алайда үйінді астында қалған азаматтарды аман алып қалу мүмкін болмапты.
Қаза болғандардың мәйіті жер бетіне өмір белгілерінсіз шығарылған. Марқұмдардың жеке тұлғалары анықталды. Олардың екеуі де Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары екені мәлім болды. Қайтыс болғандардың бірі маусым айында небәрі 22 жасқа толуы тиіс болған. Екіншісі одан ересек азамат. Полиция аталған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
- Аталған қайғылы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Кеніш аумағындағы қауіпсіздік талаптарын айналып өтіп, заңсыз жолмен кен іздеуге әрекеттену адам өміріне аса қауіпті екені осы оқиғадан тағы бір мәрте дәлелденді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы