Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 4 ақпан - Sputnik. Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында бір отбасының 4 мүшесі қайтыс болды. Оқиға туралы туыстары Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Қайтыс болған отбасы тауда мал баққан.
"31 қаңтар күні түнде қайтыс болған сияқты. Туыстары хабарласса, байланысқа шықпаған, қоңырауларға жауап бермеген. Екінші ақпанда сағат кешкі бестерде іздеп барса, төртеуі де қайтыс боп кеткен", - дейді қара жамылған отбасының туысқаны Күлімхан Босқынбаева.
Екі ағайынды, бірінің жұбайы мен екі жастағы нәресте көз жұмған. Екі ер адамның біреуінің жасы 47-де, сол кісінің әйелі мен баласы, сосын 70 жастағы ағасы қайтыс болды.
"Туыстары барса, мал қорада қамаулы тұр. Содан аттарын айқайлап шақырса, ешкім шықпаған. Үйге кіріп қараса, ерлі-зайыпты төсекте жатыр дейді. Оятайын десе, денесі тас боп қатып қалған. Ішкі үйге кірсе, 70 жастағы ағасы бір балағын киіп үлгеріп, сол жерде құлапты. Нәресте коляскада, ол да тас боп қатып қалған", - дейді Күлсімхан апа.
Туыстары пештен шыққан ыстан уланып қалған деп болжап отыр. Бүгін марқұмдарды жер қойнына тапсырды.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті әзірге ресми ақпарат берген жоқ.