Тәуелсіздік тойына арналған сапар

29.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..

Оның бастамашылары – атақты Марал ишанның ұр­пақтары. Осыдан үш жыл бұрын Түр­кістанда болған Ұлттық құрыл­тайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Марал ишанның Кенесарыға сыйлаған Құранын осындағы музейге тапсырған. Мемлекет басшысы: «Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның расында Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды», деген еді.

Марал ишан қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданына қарасты Қайранкөл жағасында туған. Тоғыз жасында әкесінен айырылған ол сол кезде Қоқан хандығына қарайтын Ақмешіттегі нағашыларына оқуға кетеді.  Осында сопы Аллаяр негізін қалаған медреседе Жалаңаяқ ишанның алдынан бірнеше жыл білім алады. Кейін туған жеріне оралып, медреселерде сабақ беріп жүргенде патшалықтың Қазақ даласын шоқындыру саясатына қарсы талмай күрес жүргізеді. 1837 жылы Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі басталғанда Марал ишан оның идеологиялық кеңесшісі болады. Айта кететін жайт, Марал ишан мен Кенесары хан апалы-сіңлілі қыздардан туған бөлелер. 

Енді сол ишанның ұрпақтары «Бабалар жолымен» атты авто­шеруді Марал ишанның жүріп өткен жолдарымен жал­ғастыруды қалаған екен. Баба ұрпақтарының арасында тарихшылар, зерттеу­шілер, өлкетанушылармен қатар, медицина, әскер сияқты түрлі кә­сіптің өкілдері болды. Шерушілер облыстардың киелі мекендеріне зиярат етті. Соның бірі Жамбыл ауданындағы Талпын ауылының түбіне жерленген Тоқсан бидің ағасы Сексен батырдың кесенесі болды.

Тоқтаған жерлерінде жер­гі­лікті халықпен кездесіп, Марал ишанның өмірі және жер­гілікті батыр, билер туралы әңгімелер өрбітті. Сондай-ақ ишанның ұрпағы Мұхамедхан Қасымханұлының «Үш жүзге пір атанған әулие» атты кітабы да таныстырылды. Бұл кітаптың құндылығы  сонда –  Марал ишан туралы бұрыннан белгілі деректерге қосымша өзбекстандық тарихшылар Мехре­жидин Амонов пен Зокир Сарымсоковтың еңбектері де қамтылған. Марал ишанның есімі кезінде өзбек жеріне де көп тараған екен. 

Автошеру Солтүстік  Қазақ­стан облысынан шығып, Қостанай өңіріне бет алды.

Солтүстік Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью