Тәуелсіздік ұрпақтары 2025: Аида Балаева жеңімпаздарды марапаттады

22.01.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, әр жеңімпазға 3 миллион теңге көлемінде грант сертификаты табысталды.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жеңімпаздарды Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтады. Ол жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, барлық бастама жас ұрпақтың болашағы үшін жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.

– Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ел дамуының алдағы бағытын айқындап, жаңа кезеңнің стратегиялық міндеттерін нақтылап берді. Қазіргі қабылданып жатқан шешімдер мен жүзеге асып жатқан реформалар жастарға сапалы білім алып, өз әлеуетін толық іске асыруға, бәсекеге қабілетті, саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Сондықтан бұл тарихи кезең – тек өзгерістер уақыты ғана емес, болашаққа деген сенімді нығайтатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды дәуір деп айтуға толық негіз бар, – деп атап өтті вице-министр.

Аида Балаева жеңімпаздарды құттықтап, жаңа бастамаларына табыс тіледі. Сондай-ақ ол жастарды ынталандыру мен қолдауға бағытталған басқа да жобалар туралы айтты. Олардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттің арнайы әдеби сыйлығы, журналистерге арналған «Үркер», «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы бар.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Айта кетейік, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Мемлекет басшысының бастамасымен дарынды әрі болашағынан үміт күттіретін жастарды қолдау мақсатында 2021 жылы құрылған. Осы уақытқа дейін аталған грант 123 қазақстандықтың идеясын іске асыруға және дамытуға мүмкіндік берді.

Биыл конкурсқа 6 бағыт бойынша 1700 өтінім келіп түсті, оның 1622-сі қабылданды. Олардың қатарында Қазақстанның мәдени мұрасын мен ұлттық дәстүрлерді насихаттауға, мәдениет пен өнерді дамытуға, ғылыми зерттеулер жүргізуге, IT және волонтерлік саладағы стартаптарға, сондай-ақ креативті бизнес-идеяларға бағытталған жобалар бар.

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының жеңімпаздары анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью