Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Отырыста ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жастарды қолдау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президенттің маңызды бастамаларының бірі – дарынды қазақстандық жастарды қолдауға, олардың әлеуетін дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар және инновациялық жобаларды жүзеге асыруына жағдай жасауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты.
«Жыл сайын байқаудың барлық бағыты бойынша өтінімдер саны артып келеді. Бұл жастардың белсенділігінің ғана емес, олардың мемлекеттік қолдауға сенім білдіріп, қабылданатын шешімдердің әділдігіне үміт артатынының айқын көрінісі. Іріктелген әрбір жоба еліміздің мақтанышына айналып, Қазақстан қоғамына нақты пайдасын тигізсін», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Конкурстық комиссия құрамына белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлері, медиаменеджерлер, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері енді.
Аида Балаева комиссия мүшелеріне атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, олардың әділ әрі негізді шешім қабылдағанына сенім білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша конкурстық іріктеу барысында алты бағыт бойынша ең жоғары балл жинаған 30 жеңімпаз анықталды.
Грант иегерлерінің әрқайсысына өз жобасын жүзеге асыру үшін 3 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, 2026 жылы байқауға 2200-ден астам өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1745 өтінім конкурстық қарауға жіберілді. Атап айтқанда, «Бизнес» бағыты бойынша – 663, «Ақпараттық технологиялар» – 383, «Ғылым» – 218, «Мәдениет» – 174, «Медиа» – 158, «Волонтерлік» бағыты бойынша 149 өтінім қабылданды.
Грант жүзеге асырылған кезең ішінде оны 183 қазақстандық жас иеленді. Атап айтқанда, 2021 жылы 30, 2022 жылы 33, ал 2023, 2024, 2025 және 2026 жылдары жыл сайын 30 гранттан тағайындалды.
2026 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі Халықаралық жастар күнін мерекелеу аясында Астана қаласында өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.