Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Биыл Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғанына 35 жыл толады. Осы уақыт ішінде аймақ қарулы қақтығыстарды, саяси және экономикалық дағдарыстарды, табиғи апаттарды бастан өткерді. Сонымен қатар, елдер өзара келісімге келуді, сыртқы әлеммен байланыс орнатуды үйреніп, халықаралық саясатта дербес ұстанымын қалыптастыра бастады.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай сарапшылар орталық азиялық бірегейліктің қалыптасқанын және мәселелерге өңірлік тұрғыдан қарауға көшуді атап өтуде. 2018 жылдан бастап ОА көшбасшыларының Консультативтік кездесулері жұмыс істейді; 12 сыртқы серіктеспен (АҚШ, Қытай, Ресей, ЕО, Жапония, КР және т.б.) «5+1» форматы дамуда. Ресеймен байланыстар сақталған, бірақ бұрынғыдай тығыз емес; көпвекторлылық күрделене түсті және үлкен икемділікті талап етеді (Темур Умаров, Руслан Изимов). Негізгі шешілмеген мәселе — су ресурстарын және энергетиканы бірлесіп басқару; ілгерілеушіліктер бар: Қамбар ата ГЭС-1 бойынша келіссөздер, «су-электр энергиясы» схемасы (2025), ДБ-ның 20 млн доллар гранты (шілде 2026). Көлік: Орта дәліз және басқа да бағыттар бойынша күш-жігер жұмсалуда, бірақ кедергілер, реттеудегі айырмашылықтар және оңтүстік бағыттардың шектеулілігі сақталуда. Көшбасшылар деңгейіндегі келісімдерден тұрақты ведомствоаралық үйлестіруге көшу қажет; қайшылықтар мен экономикалар арасындағы бәсекелестік сақталып отыр. Тәуекелдер: медиадағы сыртқы нарративтердің басымдығы және «тарих үшін соғыстар»; сонымен бірге сарапшылар өңірдің болашағын сақтықпен, бірақ оптимизммен бағалайды.
Осы 35 жылдағы Орталық Азияның ең үлкен жетістігі қандай? Аймақ елдері неге дәл қазір бір-бірімен тығыз байланыс орната бастады? Қандай мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді? Tengrinews осы сауалдарды Орталық Азияның әр елінің саясаттанушыларына қойды.
35 жыл бұрын шетелдік журналистер Орталық Азияны қалай сипаттады?1991 жылы күзде америкалық Los Angeles Times газетінің журналисі Марк Файнман Орта Азияға (ол кезде аймақ осылай аталған) сапар шекті. Оның мақсаты "ыдырап бара жатқан империяның оңтүстік шетіндегі халықтың тұрмысын" сипаттайтын репортаждар сериясын әзірлеу еді. Алайда жағдай журналистің жағасын ұстатқан.
"Тәуелсіздікке бет алған республикаларды бір ай бойы пойызбен, ұшақпен, көлікпен және жаяу араладық. Бұл сапарымыз "қорқыныш бөлмесін" аралағандай әсер қалдырды. Сынған терезелер, жұмысы тоқтаған зауыттар, қирап жатқан қалалар, тағдыры талқандалған адамдар... Мұның бәрі осы республикаларды алда ауыр кезең күтіп тұрғанын аңғартатын үрейлі белгілер еді", - деп жазды ол мақалаларының бірінде.
Ол кезде аймақтағы төрт республика тәуелсіздігін жариялап үлгерген. Ал Қазақстан бес мемлекеттің ішінде ең соңғы болып, желтоқсанда тәуелсіздігін жариялады. Америкалық журналист Бішкектен Ташкентке бара жатқан пойызбен Қазақстан аумағын кесіп өткен. Ол бұл сапарды еске алып, мінген пойызын "әлемдегі ең нашар пойыз" деп сипаттаған. Вагондардың терезелерінде әйнек болмаған, ал жолсеріктер ашық қалған жерлерді көрпемен жауып қойған. Пойыз ауылдардың маңынан өткенде жолаушыларға тас лақтырғандар да болған.
"Бүкіл жүйе күйреді" деген сол кезде пойыз бастығы. Журналист те оның сөзімен келіскен.
Алайда сол кездегі күңгірт болжамдарға қарамастан, бүгінгі Орталық Азияны америкалық журналист сипаттаған аймақпен салыстыру қиын.
Әрине, осы жылдар ішінде аймақ талай ауыр кезеңді бастан өткерді. Қарулы қақтығыстар, экономикалық және саяси дағдарыстар, табиғи апаттар болды. Тәжікстанда тіпті бес жылға созылған азаматтық соғыс жүрді. Өткеннен қалған кейбір мәселелер әлі де шешімін тапқан жоқ. Соған қарамастан кейінгі жылдары аймақта маңызды өзгеріс байқалады. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия елдері енді ғана ортақ мәселелерге әр мемлекеттің жеке мүддесі тұрғысынан емес, тұтас аймақтың көзқарасымен қарап, оларды бірлесіп шешу жолдарын іздей бастаған.
Орталық Азия бірегейлігі дегеніміз не?КСРО ыдырағаннан кейін Орталық Азия ұзақ уақыт бойы посткеңестік кеңістіктің бір бөлігі ретінде қалып, Ресеймен экономикалық, саяси және мәдени байланысын сақтады. Сарапшылардың айтуынша, аймақ елдері негізінен өз мүддесіне басымдық беріп, Мәскеумен тікелей қарым-қатынас орнатуға ұмтылған. Алайда әлемдік дағдарыстар бұл ұстанымды өзгерте бастады.
"Орталық Азия елдері қашан да дербес болды, тек бұрын бұл соншалық байқалмайтын. Билікке келген алғашқы буынның саяси элитасы бұрынғы дағдымен Ресейден, соның ішінде дипломатиялық мәселелерде де қолдау сұрауды жалғастырды", - дейді сарапшы.
Темур Омаров
Берлиндегі Карнеги орталығының Орталық Азия және Қытай бойынша сарапшысы
Оның айтуынша, (Тәжікстаннан басқа елдерде) билік басындағы алғашқы буын басшылары саяси сахнадан кеткен соң жағдай өзгере бастаған. Жаңа саяси элита Мәскеуге бұрынғыдай қарамайды. Байланыстар мен түрлі деңгейдегі кездесулер сақталғанымен, Ресеймен қарым-қатынас бұрынғыдай тығыз емес. Дегенмен аймақ мемлекеттері Мәскеу, Бейжің және басқа да ықпалды елдердің ұстанымын әлі де ескеріп, олармен қарым-қатынасты ушықтырмауға тырысады.
"Кейінгі жылдары бұрын болмаған Орталық Азия бірегейлігі қалыптасып келе жатқанын көріп отырмыз. Елдер сыртқы саясатын басқаша жүргізе бастады. Енді олар ең алдымен Орталық Азияның өзіне, аймақ мемлекеттері арасындағы ынтымақтастыққа басымдық береді. Сондай-ақ, ондаған жыл бойы өзара жақындасуға кедергі болған қайшылықтардан, даулар мен қақтығыстардан бас тартуға ұмтылады", - дейді Омаров.
Қазақстандық саясаттанушы Руслан Ізімов те осы пікірді қолдайды. Оның ойынша, аймақ елдері жақындаса түскенін 2018 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінен де байқауға болады. Бұл кездесулердің маңызы бес ел президентінің жиі бас қосуымен шектелмейді.
"Ең маңыздысы, мемлекеттер арасында ортақ мәселелерді тікелей талқылауға, өзара келісімге келуге және аймақтық күн тәртібін бірлесіп айқындауға мүмкіндік беретін тұрақты тетік пайда болды. Осының арқасында Орталық Азия біртіндеп тек географиялық ұғым болудан қалып, елдер өзара келісімге келуді және ортақ сын-қатерлерге бірлесе жауап беруді үйренетін аймаққа айналып келеді".
Руслан Ізімов
Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері
Тәжікстандық саясаттанушы Шерали Ризоён да Орталық Азия елдерінің дербестігі артып келе жатқанын көрсететін тағы бір өзгеріске назар аударды. Оның айтуынша, аймақ мемлекеттері енді белгілі бір ықпалды елдердің бірін таңдаумен шектелмей, түрлі сыртқы серіктеспен қатар қарым-қатынас орнатуды үйренген.
"Қазір "5+1" форматы бар. Оның аясында Орталық Азияның бес мемлекеті АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропалық одақ, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да сыртқы серіктестермен бірлесіп байланыс орнатады. Мұндай серіктестердің саны қазірдің өзінде 12-ге жетті. Бұл аймақ елдері өздеріне таңылған "не бірін, не екіншісін таңда" деген ұстанымнан бас тартып, "біріншісімен де, екіншісімен де" ынтымақтасу қағидасын ұстанып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын көрсетеді".
Шерали Ризоён
саясаттанушы
Дегенмен Ізімов қазір әлемде көпвекторлы саясат жүргізу қиындай түскенін айтады.
"Қазір көпвекторлы саясат дәуірі аяқталып, мемлекеттер өзара бәсекелес ықпалды күштердің бірін таңдауға мәжбүр болады деген пікір жиі айтылады. Мұндай тұжырым жасауға асықпас едім. Көпвекторлы саясат жүргізу күрделене түсті деуге болады. Бұл мемлекеттерден икемділікті, прагматизмді және қабылдаған шешімдерінің салдарын алдын ала бағалай білуді талап етеді", - деп түсіндірді ол.
Ал қырғызстандық саясаттанушы Эмиль Жораев аймақ елдерінің дербестік мәселесі толық шешілді деп айтуға әлі ерте екенін айтты.
Орталық Азия су мәселесін неге шеше алмай отыр?"Біріншіден, аймақ елдері толық дербестікке қол жеткізді деуге болмайды. Тіпті ірі мемлекеттердің өзі ешкімге тәуелсіз, толық дербес бола алмайды. Дегенмен Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынасы жақсаруы, көпвекторлы сыртқы саясат олардың тәуелсіздігін нығайтып, тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, дербестік - үнемі өзгеріп отыратын үдеріс. Ол нығаюы да, әлсіреуі де мүмкін", - дейді сарапшы.
Эмиль Жораев
саясаттанушы
Сарапшылар айтқан оң өзгерістерге қарамастан, Орталық Азияда кеңес дәуірінен қалған мәселелер әлі де бар. Солардың ең күрделілерінің бірі - су ресурстарын бірлесіп басқару.
Кеңес Одағы кезінде аймақтағы сумен жабдықтау, суару және энергетика салалары біртұтас жүйе арқылы жұмыс істеді. Кейін бұл жүйе тәуелсіз мемлекеттер арасында бөлінді. Қазір электр энергиясын негізінен су электр станцияларынан алатын Қырғызстан мен Тәжікстан суды осы мақсатқа пайдалануға мүдделі. Сондықтан олар жазда су жинайды. Ал өзендердің төменгі ағысында орналасқан Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстанға дәл осы кезеңде егістік алқаптарын суару үшін су қажет. Бұған дейін Tengrinews бұл мәселе туралы жеке материалда кеңінен жазған болатын.
Душанбедегі Орталық Азия мемлекеттерінің IV парламентаралық форумы. Сурет: Нұрсұлтан Байболин
Саясаттанушы Руслан Ізімовтің айтуынша, елдер бұл мәселені әзірге түпкілікті шеше алған жоқ.
"Қолданыстағы келісімдер мен ынтымақтастық тетіктеріне қарамастан, аймақ елдері су және энергетика ресурстарын басқарудың толық келісілген әрі тұрақты жүйесін әлі қалыптастыра алмады", - дейді Ізімов.
Дегенмен сарапшы бұл бағытта оң өзгерістер бар екенін жеткізді. Мәселен, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан Қамбар-Ата-1 су электр станциясын бірлесіп салу жобасы бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. 2025 жылы осы үш мемлекет тағы бір келісімге келді. Соған сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан күзгі-қысқы кезеңде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізеді. Ал Қырғызстан оның орнына Тоқтоғұл су қоймасынан, соның ішінде егістік алқаптарын суаруға қажет су береді. 2026 жылғы шілдеде Дүниежүзілік банк аймақтағы трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға 20 миллион доллар грант бөлуді мақұлдады.
Көлік қатынасындағы қиындықтарды еңсеру"Осының бәрі жекелеген келісімдерден жүйелі аймақтық ынтымақтастыққа біртіндеп көшіп келе жатқанымызды көрсетеді. Дегенмен ресурстарды бірлесіп басқарудың тұрақты жүйесін қалыптастыру үшін әлі көп жұмыс істеу керек", - деп түсіндірді Ізімов.
Сарапшылар назар аударған екінші мәселе - көлік қатынасы мен транзит бағыттарын дамыту.
"ХХ ғасырда Орталық Азия тарихи тұрғыдан маңызды жол торабындағы орнын жоғалтып, сыртқы әлеммен байланысы шектеулі аймаққа айналды. Тәуелсіздік жылдарында аймақ елдері солтүстік бағытты сақтап, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанның Қытаймен шекарасы арқылы шығыс бағытты аша алды. Қазір батыс бағытты, әсіресе, Кавказ бен Түркия арқылы Еуропаға шығатын Орта дәлізді дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Ал Ауғанстан арқылы Оңтүстік Азияға, одан әрі теңіз жолдарына шығатын және Иран арқылы өтетін оңтүстік бағыттағы мүмкіндіктер әзірге шектеулі. Бұл бағыттардағы жүк тасымалы көлемін басқа бағыттармен салыстыруға келмейді", - деп түсіндірді Ризоён.
Руслан Ізімов те көлік қатынасындағы мәселелер әлі шешілмегенін айтады.
Орталық Азия елдері өзара келісімге келуіне не кедергі?"Елдер арасындағы сауда көлемі өсіп, ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Алайда кедендік және әкімшілік кедергілер, заңнамалық талаптардағы айырмашылықтар мен тасымалдау рәсімдерін келісудегі қиындықтар әлі де бар", - дейді сарапшы.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдері аймақтық ынтымақтастықтың тұрақты тетіктерін дамытып, әр мемлекеттің өз ішінде билік пен қоғам арасындағы диалогты нығайтуы қажет. Кейінгі жылдары аймақ елдері саяси диалогта айтарлықтай жетістікке жетті. Алайда бұл байланыс негізінен мемлекет басшылары деңгейінде дамыды. Көптеген келісім орындалуы әлі де ел басшылығының саяси басымдықтарына, екіжақты қарым-қатынастарға және мемлекеттердің өзара ымыраға келуге дайындығына байланысты.
"Біз жоғары деңгейде ортақ ұстанымдарды келісуден біртіндеп салалық ведомстволар арасындағы тұрақты үйлестіру тетіктеріне көшуіміз керек. Бұл қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруға және бірлескен жобалар үздіксіз жалғасуына мүмкіндік береді", - дейді Руслан Ізімов.
Темур Омаров та Орталық Азия елдері арасында қайшылықтар әлі бар екенін мойындайды. Дегенмен ол мұны кез келген аймаққа тән қалыпты жағдай деп есептейді. Оның үстіне, аймақ мемлекеттерінің экономикалық құрылымы бірін-бірі толықтырудан гөрі өзара бәсекелесуге бейім. Бұл аймақтық интеграцияның мүмкіндігін шектейді.
Тәжікстандық саясаттанушы Шерали Ризоён Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасына әсер ететін тағы бір мәселеге назар аударды.
"Мәселелердің бірі - Орталық Азияның ақпарат кеңістігіндегі түсініктер мен көзқарас қалыптасуына сыртқы күштер ықпал етуі. Cалдарынан тарих төңірегінде қажетсіз тартыстар туындайды, көрші елдерге өзгенің көзімен қарау әдеті сақталады және аймақ мемлекеттерінің ішіндегі қоғамдық пікір жіктелуі күшейеді", - дейді ол.
Дегенмен шешілмеген мәселелерге қарамастан, сарапшылар Орталық Азия елдері үшін тәуелсіздіктің 35 жылы жалпы алғанда табысты өтті деген пікірде. Өйткені олар ең басты жетістікке қол жеткізді: тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып, өз мүддеcін қорғауды үйренді.
"Аймақ тәжірибесі Орталық Азия елдері біріккен жағдайда көптеген сыртқы серіктес үшін маңызды бола түсетінін және стратегиялық мақсаттарына қол жеткізе алатынын көрсетеді. Әр мемлекет жеке дара да табысқа жете алады. Бірақ мұндай жағдайда аймақтың халықаралық салмағы төмендеп, сыртқы күштерге тәуелділігі артады және пайдаланылмай қалған мүмкіндіктер көбейеді", - дейді Шерали Ризоён.
Әлемдік дағдарыстар мен халықаралық қатынастардағы өзгерістерге қарамастан, Орталық Азия елдері саяси дербестігін нығайтып, ортақ бірегейлігін қалыптастыра бастады. Сарапшылар бұл үдерістерді ескеріп, аймақтың болашағына сақтықпен үміт артады.
Мәтін: Лилия Гайсина
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу