Таушық Шетпе жолы жөнделіп жатыр

04.08.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Өңірде қазіргі таңда жөнделіп жатқан ірі жол учаскелерінің бірі – «Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе» жолы. Жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын жолды орташа жөндеуге бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – аймақта соңғы жылдары жөндеуді қажет етіп тұрған соңғы ірі автожол учаскесі.

«Қазавтожол» ұлттық компаниясы Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоба аясында жолдың ескі асфальт жабыны алынып, жаңа асфальтбетон қабаттары төселіп, жол жиектері нығайтылады. Нақтырақ айтсақ, жоба аясында жол төсемін кешенді жаңарту, екі қабатты асфальтбетон жабынын төсеу, жолға қосылатын учаскелер мен қиылыстарды жөндеу, сондай-ақ жол инфрақұрылымы элементтерін жаңғырту жұмыс­тары жүргізіледі.

Қазіргі уақытта аталған жолдағы ескі асфальт жабындысын алу жұмысы 50 шақырымнан астам аумақта жүргізілген. Сонымен қатар жолдың төменгі қабатына асфальтбетон төсеу жұмысы да жалғасып жатыр. Бүгінде қалыңдығы 7 сантиметр болатын тығыз ірі түйіршікті асфальтбетон қоспасынан жасалған төменгі қабат 44,6 шақырым жолға төселді. Сонымен қатар тағы 41,5 шақырым жол учаскесінде төменгі қабатты төсеу жұмыстары орындалды. Нысанда күн сайын 39 арнайы техника мен 72 жұмысшы жұмылдырылған.

Өңірдегі маңызды инфрақұ­рылымдық жобалардың бірі болып саналатын республикалық маңызы бар «Таушық – Шетпе» автомобиль жолы учаскесіне орташа жөндеу жүргізу жұмысын келесі жылға дейін аяқтау жоспар­ланған. Аталған тасжолдың жа­ңаруы өңірдегі елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Автомобиль жолдарының сапасы – халықтың өмір сүру сапасы мен өңірдің бәсекеге қабілеттілігінің көрсеткіші. Құрылыс жұмысының әрбір кезеңі қатаң бақылауда болуға тиіс. Құрылыс технологияларының талаптарын мүлтіксіз сақтауды, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауды және заманауи қауіпсіздік пен сапа талаптарына толық сәйкес келетін нысанды пайдалануға беруді қамтамасыз ету қажет», деп тапсырған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай автомобиль жолдарын жаңғырту өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жол қозғалысы қауіп­сіздігін арттыруға, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға және экономикалық өсімге жағдай жасауға мүмкіндік беретін маңызды фактор екенін атап өтті.

Бұл жоба аяқталғаннан кейін жолдар толықтай жақсы жағдайға келтіріледі деп жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысы 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью