Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Қазіргі уақытқа дейін ҚР азаматтары арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат жоқ. Эвакуация жұмыстары кезінде зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар адамдарға басымдық беріледі.
– Бүгінгі таңда Иранда 47 қазақстандық, Израильде – 163, Қатарда – 3 мыңнан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4 мыңнан астам, Сауд Арабиясы корольдігінде шамамен 1800 ҚР азаматтары бар. Олармен тұрақты түрде байланыс бар және ахуалға қажетті ұсынымдар берілуде, - деді Е. Жетібаев.
Ресми өкілдің айтуынша, бүгінгі күнге дейін шиеленіс аймақтарынан 946 азамат аман-есен шығарылды. Жақында Оман астанасы Маскат қаласынан Алматыға 314 қазақстандық мінген рейс ұшып келеді.
– Кейін дәл осы бағыт бойынша шамамен 230 азаматымыз мінген екінші лектің ұшуы жоспарланған. Осылайша Оманнан бүгін-ертең 500-ден астам ҚР азаматы жеткізіледі деп күтіліп отыр, - деп толықтырды ол.
Сонымен бірге, бүгін ертең Жидда-Атырау, Жидда-Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Олармен 326 азамат елге қайтарылады деп күтіліп отыр.
– Қазақстандықтар жерүсті жолдар арқылы да эвакуацияланып жатыр. Атап айтқанда, Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы шетелдік мекемелеріміз 15 азаматты Иран-Түркіменстан шекарасы арқылы өткізді. Әрі қарай олардың Ақтауға жетуі үшін көмек көрсетіледі. Әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимыл тоқтап, жағдай толық қалпына келгенше Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан бас тартуға кеңес береміз, - деді министрлік өкілі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Таяу Шығыстан қанша қазақстандық елге оралғанын жазған едік.