Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
ОПЕК деректеріне сәйкес, наурыз айында мұнай бағасы айтарлықтай өскен. Ұйымның мұнай қоржыны 48,46 долларға қымбаттап, бір баррельдің орташа бағасы 116,36 долларды құрады. Бұл геосаяси шиеленіс пен ұсыныстың қысқаруына байланысты.
Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда нарықта тапшылық байқалады.
Сонымен қатар сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. 2026 жылы әлемдік сұраныс тәулігіне 1,4 млн баррельге артуы мүмкін. Негізгі өсім Қытай мен Үндістан есебінен күтіледі. Әсіресе жаз мезгілінде жанармай, дизель және авиациялық отынға сұраныс артады.
Ұсыныс тарапынан өсім баяу жүруде. Мұнай өндірісінің артуы негізінен АҚШ, Бразилия, Канада және Аргентина елдерінде болуы мүмкін. Ал ОПЕК+ елдері нарықтағы тепе-теңдікті сақтау үшін өндірісті шектеуді жалғастырып отыр.
Осы жағдайда Қазақстан өз позициясын нығайтып келеді. Соңғы айларда елде тәулігіне шамамен 1,5-1,6 млн баррель мұнай өндіріліп, оның 80%-дан астамы экспортқа жіберілуде. Экспорттың басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы жүзеге асады.
Таяу Шығыстағы жеткізілімдердің бұзылуы баламалы бағыттарға, соның ішінде Каспий өңіріне деген қызығушылықты арттырды. Қазақстандық мұнайдың орташа күкіртті құрамы дизель және авиациялық отын өндіруге қолайлы болғандықтан, оның нарықтағы сұранысы жоғары.
Еуропа нарығындағы Қазақстанның рөлі де күшейіп келеді. Ақпан айында ЭЫДҰ елдерінде мұнай импорты соңғы бес жылдағы орташа деңгейге қайта оралып, бұл көбіне Қазақстаннан жеткізілімдердің қалпына келуімен байланысты болды. Сонымен қатар авиациялық отын сияқты мұнай өнімдерінің импорты артты.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан әлемдік мұнай өндірісінің шамамен 1,5-2%-ын қамтамасыз етеді. Алайда қазіргі тапшылық жағдайында бұл көлемдер жекелеген өңірлер, әсіресе Еуропа үшін маңызды болып отыр.
Бұған дейін Оңтүстік Корея Ормуз бұғазындағы тәуекелдерге байланысты мұнай жеткізудің баламалы бағыттарына, оның ішінде Қазақстанға қызығушылық танытқаны хабарланған. 8 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені Корея Республикасының Президентінің арнайы өкілі Кан Хун Шикпен талқылады.
Сондай-ақ 30 наурызда жапондық INPEX компаниясы Қазақстаннан жеткізілетін мұнай көлемінің бір бөлігін қайта бөлу жоспарлары туралы мәлімдеді.