Таяу Шығыстағы әскери операция: Аймақ экономикасына қалай әсер етеді

02.03.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ормуз бұғазы жабылса не болады?

Экономика ғылымдарының кандидаты Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, егер Ормуз бұғазы іс жүзінде жабылса немесе қауіпке байланысты кеме қатынасы шектелсе, мұнай жеткізілімінің едәуір бөлігі тұтынушыларға жетпей қалады.

Сарапшының мәліметінше, әлемдік мұнай экспортының шамамен 20%-ы осы бұғаз арқылы өтеді. Қазіргі жағдайдың өзі нарықта қысқаруға әкеліп, Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 10%-ға өсіп, барреліне 80 долларға жеткен. Егер тасымал қиындықтары сақталса, баға 90 долларға дейін көтерілуі мүмкін.

Иран мұнайының экспорттан толық шеттетілуі, әсіресе Азия нарығында елеулі өзгерістер туғызады. Иран – бұл өңір үшін маңызды мұнай және сұйытылған мұнай өнімдерін жеткізуші ел.

Артық өндірістік қуаты бар елдер, мысалы Сауд Арабиясы мен АҚШ жеткізілімді арттыра алады. Алайда бұл Иран мұнайының орнын толық толтыра алмайды. Сондықтан сарапшылар жеткізу бағыттарын әртараптандырудың маңызы артқанын атап өтеді.

Мұнай бағасының өсуі арктикалық және терең су айдындарындағы кен орындарын игеруді экономикалық тұрғыдан тиімдірек етуі мүмкін. Сонымен қатар баламалы энергия көздеріне көшу үдерісі жеделдете түседі.

Қазақстанның транзиттік әлеуеті күшейе ме?

Бауыржан Ысқақовтың пікірінше, тұрақсыздық жағдайында Қазақстан транзиттік хаб ретіндегі маңызын арттыра алады. Әсіресе Транскаспий бағыты немесе Орта дәліз арқылы.

Бұл желі Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы Еуропаға шығады. Парсы шығанағындағы теңіз тасымалының тәуекелдері мен Солтүстік теңіз жолындағы белгісіздік жағдайында Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан балама бағыт ретінде қарастырылады.

Логистика саласындағы Qazaq Expert Club талдаушысы Айнұр Дивеева да бұл пікірді қолдайды. Оның айтуынша, бизнес бір бағытқа тәуелділікті азайтуға ұмтылып отыр, сондықтан Орта дәлізге қызығушылық артып келеді.

Қазақстан географиялық орналасуы мен теміржол инфрақұрылымы арқасында салыстырмалы түрде тиімді жағдайда. Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту, контейнерлік тасымал көлемінің артуы өткізу қабілетін өсіргенімен, сұраныс инфрақұрылым мүмкіндіктерінен жылдамырақ артып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, Орта дәліз дәстүрлі бағыттарды толық алмастыра алмайды. Оның негізгі рөлі – жаһандық сауда үшін тұрақты балама болу. Маршруттың тиімділігі Каспийдегі жүк ауыстырып тиеу жылдамдығына, флоттың жеткіліктілігіне, тарифтік үйлестіруге және цифрлық рәсімдердің біріздендірілуіне байланысты.

Егер Қазақстан жеткізілім мерзімінің тұрақтылығын қамтамасыз етсе, ел Еуразия логистикасындағы маңызды буын ретінде орныға алады.

Теріс салдары қандай болуы мүмкін?

Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Таир Нигманов Таяу Шығыстағы негізгі ойыншылар – Иран, Сауд Арабиясы, Израиль және Түркия арасындағы күрделі өзара байланысқа назар аударды.

Оның айтуынша, Иранның әлсіреуі өңірлік тұрақсыздықты күшейтіп, экономикалық байланыстар мен инфрақұрылымдық жобаларға кері әсер етуі мүмкін. Ең қолайсыз сценарийде халқы шамамен 90 миллион адамды құрайтын елдің тұрақсыздануы қауіпсіздікке қатер төндіруі ықтимал.

Сарапшының пікірінше, Ирандағы жағдайдың ушығуы бүкіл өңірдегі саяси және экономикалық архитектураға ықпал етеді.

Осылайша, Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс әлемдік мұнай нарығына, логистикалық бағыттарға және Орталық Азия елдерінің транзиттік мүмкіндіктеріне тікелей әсер ететін факторға айналып отыр.

Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдай Түркияның әуе кеңістігіне жүктемені көбейтті. Сонымен бірге Сауд Арабиясындағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью