Таяу Шығыстағы соғыс стагфляцияға қалай әсер етеді британиялық сарапшы

02.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Оның бағалауынша, аталған соғыс әр елге әртүрлі деңгейде зардабын тигізіп отыр. Кей мемлекеттерде ақша құнсызданса, ал өзгелерінде экономикалық өсім тоқыраған.

АҚШ-тағы инфляциялық сценарий

Америкада, негізінен, инфляция басты мәселеге айналады. Дегенмен, экономикалық өсімнің баяулауы да байқалады. Сол себепті, қаржылық-несиелік саясат қатаңдап, қаржылық нарықта өзгерістер болуы мүмкін.

— АҚШ — ірі мұнай өндіруші және ірі энергия экспорттаушы ел. Соған қарамастан, оның экономикасы, әсіресе, еңбек нарығы мен жұмыс күшіне сұраныс әрдайым қыл үстінде тұрғандай күйде. Сондықтан инфляция аса ауыр тиюі мүмкін, — деді Лубин.

Мәселе инфляциямен шектелмей, экономикалық құлдырауға ұласуы да ықтимал. Өйткені, инфляция салдарынан қаржылық-несиелік саясат қатаңдатылып, пайыздық мөлшерлеме жоғарылатылуы әбден мүмкін. Бұл АҚШ экономикасының күрт баяулауына әкелетіні шүбәсіз. Әдетте, америкалықтар қалтасы жұқара бастағанын түсінсе, шығындарын азайтады. Сондықтан экономиканың тоқырауына қаржылық-несиелік саясаттың қатаңдатылуы ғана емес, құнды қағаздар нарығының құлдырауы да әсер етеді.

Еуропа мен Азияның энергияға тәуелділігі

Еуропа мен Азияға майдан басқа жағынан кесірін тигізеді. Аталған екі құрлыққа энергия ресурстары Парсы шығанағы арқылы келеді. Демек, соғыс салдарынан олардың тоқтауы не кешігуі өндірістің тоқырауына, инфляцияға және инвестицияның төмендеуіне әкелуі мүмкін. Ондай жағдайда экономика да зардап шегеді.

— Азиядағы кей елдердің экономикасына айтарлықтай зақым келеді. Қазірдің өзінде кей аймақтардағы компаниялар қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіріп, мейрамханалар мен дүкендер жабылып, ішкі әуе тасымалдары тоқтап жатыр. Басқа да экономикалық шектеулерге куә болып отырмыз. Мұның бәрі, әлбетте, экономикаға кері әсерін тигізеді, — дейді сарапшы.

Дэвид Лубиннің пікірінше, бәрінен де дамушы елдерге төнетін экономикалық қатер тым жоғары. Олардың қатарына энергияны сырттан алатын әрі бюджеті шектеулі Үндістан, Бангладеш, Пәкістан, Шри-Ланка жатады. Сондай-ақ Сахараның оңтүстігіндегі мемлекеттер де — осы тізімде. Себебі оларда энергия бағасының өсуі лезде әлеуметтік-экономикалық қиындыққа ұласады.

Қытайдың тұрақтылығы мен ұзаққа созылатын сын-қатерлер

Әлемдік геосаясаттың ушығуына қарамастан, маманның сөзінше, Қытайдың мұртын балта шаппай отыр.

— Қытай мұнай, газ және электр энергиясына соншалықты тәуелді емес. Ол, негізінен, ішкі ресурстарына — көмір, гидроэнергия және жел энергиясына сүйенеді. Сондықтан мұнай мен газ импортының баяулауы бұл елге айтарлықтай әсер етпейді, — деп түсіндірді Лубин.

Сонымен бірге, жинаған қоры мен әлі де жеткізіліп жатқан мұнай Қытайға басымдық береді. Инфляциялық жағдайдың түбегейлі өзгешелігі де рөл ойнайды.

— Инфляция тым асқынып кеткен АҚШ-тан айырмашылығы — Қытайда, керісінше, дефляция байқалады. Сондықтан энергия бағасының өсуі оған қауіп төндірмейді. Батыс елдеріне қарағанда, Қытай инфляцияны жеңіл еңсереді, — дейді ол.

Қауіп-қатер шеңберінің кеңеюі және ұзақ мерзімді салдар

Зерттеуші энергетикадан өзге салаларға да қатер бар екенін айтады.

— Парсы шығанағы арқылы энергия ресурстары ғана емес, тыңайтқыш, гелий, күкірт қышқылы, мұнай-химия өнімдері, алюминий де тасымалданады. Бұл материалдардың жеткізілуі де кедергіге ұшырап жатыр, — деп тарқатты ол.

Сол себепті Таяу Шығыстағы соғыс әлемдегі барлық елдің мемлекеттік шығынын көбейтіп, қарызын арттыруы мүмкін.

— Жаһан елдері қорғаныс қабілетін күшейту үшін ғана емес, тауар тасымалындағы тұрақтылықты және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында да мемлекеттік шығындарын өсіреді. Пайдалы қазбалардан алынатын энергияға тәуелділікті төмендетуге де талпынады, — деп атап өтті сарапшы.

Дэвид Лубин сөзінің қорытындысында Таяу Шығыстағы тұрақсыздық энергетикалық нарықтың шамадан тыс шарықтауына әкелетінін жеткізді.

— Алдағы уақытта Иран осылай қалаған уақытында Ормуз бұғазын жаба беретін болса, мұнай мен газ тасымалы да жиі кедергіге ұшырайды. Демек, энергияның жаһандық нарығына үздіксіз қатер төнеді. Мұндай тұрақсыз жағдайда мұнай-газдың бағасы да әдеттен тыс қымбат болады. Бұл энергия ресурстарының құны соғыс, шиеленіс кезінде ғана емес, бейбіт уақытта да тым шарықтап кетуіне ықпал етеді, — деп түйіндеді сарапшы.

Айта кетейік бұған дейін ЕО энергия өндіру көлемін арттыру мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын жазғанбыз.

Сондай-ақ АҚШ-та электр энергиясының бағасы күрт өсті.

Ирак Ормуз бұғазын айналып өтіп, Сирия арқылы мұнай экспорттай бастады.

Ал Жапония қазақстандық мұнайға көшуді көздеп отыр.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью