Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Президентке жауапты мемлекеттік орган басшылары атқарылған жұмыс жайында баяндады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді. Осы уақыт аралығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіМинистрдің айтуынша, 2021-2025 жылдары орман қорын толықтыру үшін 1 миллионнан аса гектарға 1 648,4 миллион түп көшет отырғызылған. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілді. Алдағы уақытта 1 760 мың гектар жерді қамтитын 46 экоаумақ құрылады.
Қызылорда қаласында жаңадан салынған Президент саябағындағы шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқарма, департамент, инспекция басшылары мен қызметкерлері, еріктілер, экобелсенділер, жастар ұйымдары және студенттер қатысты.
Акцияға аймақтың аудандарынан, елді мекендерінен 25 000 мыңнан астам адам атсалысып, 12 мыңнан астам тал егілді, 325,7 гектар аула тазартылып, 320 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 250-ден астам техника жұмылдырылды.
Өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіҚызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі, Қорқыт ата мемориалды аллеясы жаңғыртылса, Президент саябағы қайта салынды. Онда заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған. Жалпы 31 гектарға 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді.
Қазіргі таңда Президент саябағы аумағында 10 млрд. теңгеге жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері, 5 млрд. теңгеге Ботаникалық білім беру орталығы (қысқы бақ) салынуда. Жақында 9 млрд. теңгеге Сырдария өзені үстінен Президент саябағын қаламен байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады.
Бұл жұмыстар барлық ауданда жалғасын тауып, жаңа демалыс орындары, аллеялар айналаның сәнін кіргізді, көшелерге абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары атқарылып жатыр.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіАуылдарда қолайлы орта қалыптастыру, тұрғындарды тазалық шараларына ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіледі. Соңғы үш жылда 2 млрд. 64 млн. теңге бөлініп, үздік елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.
Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару, оларды сұрыптау, өңдеу және кәдеге жарату бағытында «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен 98 млрд.700 млн. теңгеге 9 жоба қолға алынған. Жаңақорған ауданындағы қатты қалдықтарды сұрыптау кешені толық қаржыландырылып, құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазіргі таңда іске қосылуда. Қалған 8 жоба «Өнеркәсіпті дамыту қоры» сараптамасынан өткізіліп, қаржыландыру үшін тиісті келісімшарттар жасалуда.
Облыстық бюджеттен 475 млн.теңгеге Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны ашылды. Тағы екі жаңа жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді, салалық министрлікке қаржыландыру үшін ұсынылды.
Қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыру мақсатында облыс көлемінде 10 мыңға жуық контейнер орнатылды. Көпқабатты тұрғын үйлер, ірі сауда орындары, әуежай мен теміржол вокзалы аумақтарында шыны, пластик және қағаз қалдықтарын сұрыптап жинау үшін арнайы экобокстар қарастырылған.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіҚызылорда қаласындағы 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері заманауи панельдермен жаңартылды, бұл жұмыстар 58 тұрғын үйге 2 млрд. 893 млн. теңгеге бюджет есебінен, 27 тұрғын үйге демеушілік есебінен жасалды. Биыл 900 млн.теңгеге қосымша 21 тұрғын үйдің қасбеттерін қаптау жоспарланған.
Халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық білім беру, ағарту шаралары «Жасыл балабақша»,«Жас эколог»,«Жасыл мектеп», «Табиғат сақшылары» жобалары аясында жүзеге асырылып келеді.