Таза Қазақстан : Жетісу облысында 300 ге жуық аула абаттандырылды

28.04.2026

Inform.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 2023–2025 жылдары облыста 289 аула абаттандырылып, 233 балалар және спорт алаңы салынды, сондай-ақ 249 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттері жөнделді. Ал 2026 жылға 25 ауланы абаттандыру, 17 балалар және спорт алаңын салу, сондай-ақ 148 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу жоспарланып отыр.

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мәселен, бүгінде Текелі қаласы мен Панфилов ауданында тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып жатыр. Атап айтқанда, Текелі қаласындағы Әуезов көшесінде орналасқан, тұрғындар арасында «жапон үйлері» деп аталатын көпқабатты тұрғын үйлер өткен ғасырдың ортасында салынған. Олар қаншалықты берік болғанымен, уақыт өте келе жаңартуды қажет ететін жағдайда жеткен. Қазіргі таңда бұл ғимараттардың қасбеттеріне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының арқасында үйлер жаңа келбетке енуде.

Құрылыс учаскесінің басшысы Нұрбол Беккаримовтың айтуынша, жоба аясында үйлердің тек сыртқы келбетін жаңартумен шектелмей, құрылымдары да нығайтылады.

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Біз жұмысты іргетасынан бастаймыз: іргетасты күшейтіп, жаңа сылақ ұзақ тұруы үшін арматуралық торларды қолданамыз. Қазір бес үйде құрылыс сатылары орнатылды, ал екі үйде сәндік сұйық травертинді пайдалана отырып, әрлеудің соңғы кезеңі жүргізіліп жатыр. Бұл материал біздің климатқа өте қолайлы, ұзаққа шыдайды, күнге өңін бермейді және ғимараттарға көркем, сәнді өң береді, — деді ол.

№ 4 үйдің тұрғыны, 1954 жылдан бері осында тұратын, құрылыс саласында көпжылдық тәжірибесі бар Татьяна Загуменконың айтуынша, жұмыстар кәсіби деңгейде жүргізіліп жатыр.

— Мен мұндай жұмыстарға маманның көзімен қараймын, сондағы байқағаным — құрылысшылар өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Бұл жай ғана жеңіл жөндеу емес, ескі жабындары толықтай алынып, заманауи, аязға төзімді материалдар қолданылып жатыр. Енді жетпіс жыл болған үйлеріміз жаңаратын болды, бұл бізді қуантады, — деді ол.

Сондай-ақ балкондардың сыртқы келбеті біріздендіріліп, іргелес аумақтар абаттандырылып жатыр. Жұмыстарға 27 маман және қажетті арнайы техника тартылған. Жобаны үш-төрт ай ішінде аяқтау жоспарланып отыр.

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Осындай қасбеттерді жаңарту және аумақтарды абаттандыру жұмыстары Панфилов ауданында да жүргізіліп жатыр. Мұнда да негізгі назар тұрғын үйлердің сыртқы келбетін жақсартуға, олардың жылу ұстау тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Атап айтқанда, Жаркент қаласындағы Жібек жолы даңғылында 1985–1993 жылдары салынған көпқабатты 12 тұрғын үйдің қасбеттері мен шатырларын күрделі жөндеу жұмыстары басталды.

Осы ауданның шығыс бөлігін қайта жаңғырту жұмыстарының 40%-ы орындалды: жол жиегі кеңейтіліп, арка орнатылды, тротуарлар салынды, ағаштар отырғызылды. Алдағы уақытта спорт алаңын және балалар ойын аймақтарын салу көзделген.

Фото: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Біздің үйлерге 40–50 жыл болды, әрине уақыт өте олардың сыртқы келбеті де ескірді, кейбір жерлерде шатырлары тозды. Сондықтан қасбеттер мен шатырларды жөндеу жұмыстарының басталғанына қуаныштымыз. Жаңарған үйде тұрғанға не жетсін. Жұмыстардың бәрі сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталса екен дейміз, — деді тұрғын Динара Закирова.

Айта кетейік, соңғы екі жылда облыс орталығы Талдықорғанда да 39 аула абаттандырылып, «Ұлан», «Жұлдыз» және «Жетісу» шағынаудандарындағы 20 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді. Атап айтқанда, «Ұлан» шағынауданында 14 аула жаңа кейіпке енді, олардың барлығы 1990-жылдардан бері жөндеу көрмеген. Жаңғырту нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру жағдайы едәуір жақсарып, аулалар заманауи әрі қолайлы бола түсті.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылуы арқылы инфрақұрылымды жаңартып, эстетикалық тұрғыдан тартымды орта жасаумен қатар абаттандыруға жүйелі көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью