Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Тазару күнінің мағынасы тереңде
Көктем — жаңарудың, жаңғырудың мезгілі. Қыстың ызғары кетіп, алғашқы көк шыға бастағанда табиғаттың өзі тазарып, жаңаша тыныс алады. Ағаштар бүршік жарып, құстар қайта оралады, айнала тіршілікке толады. Осындай кезеңде Тазару күнінің аталып өтуі — адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті көрсетеді.
Қазақ халқы ежелден табиғатпен етене тіршілік етіп, оған құрметпен қараған. Сондықтан көктемгі тазалық тек тұрмыстық қажеттілік емес, табиғатқа деген жанашырлықтың, жауапкершіліктің көрінісі болып саналған.
Фото: Мақсат Шағырбаев/ KazinformБелгілі жазушы Зейнеп Ахметова «Бабалар аманаты» кітабында Наурыз жақындағанда әрбір үй айналасын күл-қоқыстан тазартып, текемет сырмақтың шаңын қағып, мерекеге айрықша ықыласпен дайындалатынын жазады. Балаларды жуындырып, тырнақтарын алып, кекіл-айдарын сәндеп, жаңа киім кигізеді.
Фото: Александр Павский / KazinformНаурызды тазалықпен, ақ пейілмен қарсы алса, жыл бойы жақсылық болады деп болжаған. Көпті көрген әжелер адыраспан немесе аршаны түтіндетіп:
Уа пәлекет, пәлекет,
Еріп аққан сумен кет!
Көтерілген бумен кет!
Қызарып батқан күнмен кет!
Қарайып батқан түнмен кет!
Жақындамай мал-басқа
Тау-таста өлген аңмен кет! – деп, үйдің іші-сыртын, мал қораны аластап шығады.
Оған қоса, кетік ыдыс, сынық қасық секілді тозығы жеткен заттарды отқа жағады. Осылайша күн көзі аз түсіп, қыстан ұялап қалған кесір-кесапат, ауру-сырқау иісі бұрқыраған адыраспан, арша түтінімен кетеді, айнала залалсызданады. Адыраспан мен аршаның емдік қасиеті медицинада да дәлелденген. Шығыстың ұлы ғұламасы Әбу Әли Ибн Сина адыраспанның талай ауруға шипа беретінін жазып қалдырған.
Фото: facebook.com/AsiaTraderu«Ұлыс күні таза үйге кіреді, сонда құт-береке қоса енеді» деген сөз бар. Ертең Наурыз деген күні тазарған үйдің төріне шырақ жағылып, игі тілектер айтылады. «Қызыр түнін» күтіп, Наурыздың таң шапағын көруге асыққан.
Экологиялық сана
Қазіргі заманда қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, адамдардың өмір сүру сапасымен, қоршаған ортаға және бір-біріне деген қарым-қатынасымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау мен ар-ұждан тазалығына негізделген қоғамдық мәдениетті қалыптастыру — аса маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Бүгінде бұл дәстүр жаңа мазмұнмен толығып келеді. Қалалар мен ауылдарда сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен саябақтар тазартылып жатыр. Экологиялық акциялар, ағаш отырғызу бастамаларында да қоғамның белсенділігі артып келеді. Әсіресе жастар арасында табиғатты қорғауға деген қызығушылық өсіп келеді. Бабаларымыздың «Бұлақ көрсең көзін аш» философиясы жаңа экологиялық мәдениетпен шебер ұштасып отыр.
Фото: Ақорда«Бабалар аманаты» кітабында З. Ахметова «Әр Наурыз сайын аталарымыз ойын балаларын жинап, бұлақтардың көзін ашуға жіберуші еді. Сонда ата-әжелеріміз: «Бұлақтың көзін ашу Меккеге барғандай сауабы зор іс. Су бар жерде тіршілік бар. Су болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адам мен жан-жануар тоқ болады, олар тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау-бұлақтардың көзін ашқандарың — өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың», — деуші еді. Бұл табиғатты аялау мен қорғаудың тамаша үлгісі, халық өнегесі» деп жазады.
Елімізде мектептерден бастап ЖОО-ға дейінгі барлық деңгейде экологиялық ағартудың бірыңғай стандарты әзірленіп жатыр. Өңірлерде «Жасыл ел» бағдарламасы, «Жасыл клубтар» жобасымен қатар мектеп және мектептен тыс форматтар дамуда.
Коллаж: Kazinform/CanvaЖоғары оқу орындарында экологиялық клубтар, студенттік экожасақтар құрылып, «Велосипед күні» өткізіледі. Қоқысты бөлек жинау жобасы аясында 26 университетте бокстар мен биг-бэгтер орнатылып, қайта өңдеуге 36 тоннадан астам пластик жиналды.
Фото: МК «Жастар Рухы»«Таза Қазақстан» жобасы аясында барлық өңірде «Тазалық эстафетасы», «ТазаLIKE» экофестивалі өткізіледі. Елдің оңтүстік аймақтарында көктемгі ағаш егу науқаны басталады. Алайда тазалық мәселесі тек бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс. Қоғамдық мәдениет күнделікті әрекеттен көрінуі керек: қоқысты сұрыптау, табиғатқа зиян келтірмеу, қоғамдық орындарды таза ұстау — әр азаматтың жауапкершілігі.
«Таза Қазақстан» цифрландыру жылында
Қазақстанда соңғы жылдары қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның айқын дәлелі — 2024 жылдың көктемінде бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық науқаны болды. Бұл бастама Тазару күнімен мазмұндас келеді және ел аумағында тазалық мәдениетін қалыптастыруды, табиғатқа жанашырлықпен қарауды және қоғамның экологиялық жауапкершілігін арттыруды мақсат етеді.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында барлық кезеңде 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналған, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылған. Аталған іс-шараларға 6,9 млн адам қатысқан.
Фото: АқордаСондай-ақ Президент жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоршаған ортаны қорғауда цифрлық технологияларды қолдануға да ерекше мән беріліп отыр. «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» жобасы жасалды. Онлайн-платформа эмиссияларға мониторинг жүргізу, өндірістік экологиялық бақылау, ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалдары тіркелімі, қалдықтардың мемлекеттік кадастры, көміртегі кадастры сияқты басқа жүйелер көрсеткішін жинақтайды.
Қалдықтарды басқару саласында EcoQolday цифрлық платформасы жұмыс істейді. Сондай-ақ бүгінде орман өртін ерте анықтау жүйесі енгізілуде, су тасқыны жағдайын болжау үшін «Қазгидромет» деректерімен интеграцияланған Tasqyn жүйесі қолданылады. Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарындағы бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.
Табиғи ресурстар саласында Tabigat.gov.kz. интерактивті карта іске қосылды. Ғарыштық мониторинг арқылы 2025 жылы 3 828 заңсыз қалдықтар жиналатын орын және 1 мыңнан астам қоқыс полигоны тіркелген. Осылайша, жаңа цифрлық шешімдер «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асырудың ашықтығын, бақылау тиімділігін арттырмақ.
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform«Таза Қазақстан» — бір реттік сенбілік немесе қысқа мерзімді акция емес. Бұл — ұзақ мерзімге бағытталған, бүкіл қоғамды қамтитын ауқымды қозғалыс. Оның басты мақсаты — әр азаматтың санасында тазалық пен тәртіпті өмір салтына айналдыру.
«Таза қала» бағдарламасының үшінші маусымы түсіріледі
2024 жылы Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартқан еді. Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімеледі. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысты.
Алғашқы маусымда «Таза қала» түсірілім тобы 30 мың шақырым жол жүріп, республикалық маңызы бар 20 қаланы түсірді. Алғашқы маусымда Астана мен Алматы мегаполистері әсемдігі және тазалығымен көш бастады.
Фото: Видеодан скринАл екінші маусымда — «Таза қала» командасы Ақсу, Екібастұз, Абай, Алтай, Кентау секілді 20 моноқаланың шынайы тыныс-тіршілігін көрсетіп, 15 мың қазақстандықты ауқымды экологиялық акцияларға жұмылдырды.
Биыл, бағдарламаның үшінші маусымында — көрерменге Қазақстанның туристік аймақтарының жағдайы мен дайындығы туралы шынайы ақпарат беру көзделіп отыр. Қос жүргізуші елдің 24 туристік бағытына барады. «Адал гид» форматы өзгеріссіз қалады. Бір жүргізуші табиғаттың сұлулығына, өңірдің қонақжайлығына және мәдени ерекшеліктеріне зер салса, екіншісі — бейтарап сыншыға айналады. Жоба командасы демалыс қай жерде өз құнына лайық екенін және қай жерде тазалық пен жайлылықты арттыру үшін әлі де жұмыс істеу қажет екенін түсінуге көмектеседі.
Сонымен бірге, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Телеграм желісінде @TazaQazBot іске қосылды. Енді кез келген адам цифрлық жүйе арқылы құзырлы органға экологиялық арыз-шағымын жеткізе алады. Ол үшін боттың басты мәзірінен «өтініш жолдау» опциясын таңдап, мәселенің мән-жайын толық сипаттап жазып, қосымша фото немесе видео жүктеу керек. Хабарлама жергілікті әкімшілікке жолданады. Артынша өтініш тіркелгені, қаралып жатқаны немесе орындалғаны туралы жауап келеді. Шағымданушы орындалған жұмысты 5 балдық жүйемен және комментарий жазу арқылы бағалайды. Егер 3-тен төмен баға қойылса, мәселе тыңғылықты атқарылуы үшін әкімдікке қайта жолданады.
Жаңа Конституция және тазалық
Жақында ғана елімізде жаңа Конституция қабылдау мәселесі бүкілхалықтық деңгейде талқыланып, 15 наурызда өткен референдумда қолдау тапты. Бұл құжат елдің саяси жүйесін жаңғыртумен қатар, қоғамдағы құндылықтарды да қайта айқындауға бағытталған. Соның ішінде ерекше назар аудартқан бағыттардың бірі — табиғатты қорғау мен тазалық мәдениеті.
Фото: АқордаЖаңа Конституция жобасында алғаш рет табиғатты қорғау тек мемлекеттің міндеті ретінде емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі ретінде нақты көрсетілді. Мәселен, Ата заңның кіріспе преамбуласынан бастап табиғатты аялау, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік секілді құндылықтар нақты көрсетілген.
Сонымен бірге, 3-бапта мемлекеттің негізгі қызмет қағидаттарының бірі ретінде жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру көрсетілген. Бұл норма қоғамда экологиялық сананы дамыту — мемлекеттік саясаттың бір бөлігі екенін білдіреді.
37-бапта — Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті екені және мемлекеттің адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат ететіні жазылған. Лауазымды адамдар адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды жасырып қалса, заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Фото: Мақсат Шағырбаев/ KazinformЯғни, жаңа конституциялық қағидаттар табиғатты қорғауды күшейтіп қана қоймай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, ал мемлекетті тұрақты даму жолына бағыттауға қызмет етеді. Экология енді тек табиғатты қорғау саласы емес, ол — құқықтық, әлеуметтік және экономикалық жүйенің маңызды бөлігі болмақ.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Ерлан Қарин «Таза Қазақстан» құндылықтары жаңа Конституция қағидаттарына толық сай келетінін айтты.