Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Баспасөз мәслихатында Тәжікстан Республикасының қаржы министрі Файзиддин Каххорзода биыл үкімет Рогун ГЭС-інің құрылысына кемінде 10 млрд сомони (шамамен 1 млрд доллар) бөлуді көздеп отырғанын мәлімдеді. Оның ішінде республиканың өз қаражаты 8,2 млрд сомониді (872 млн доллар) құрайды және бұл қаржы мемлекет бюджеті есебінен қарастырылған.
Министрдің айтуынша, халықаралық серіктестерден инвестиция тарту арқылы қаржыландыру көлемі ұлғаюы мүмкін.
— Тәжікстан үкіметі бұл қаражатты алу үшін белгілі бір талаптарды орындауы тиіс еді. Барлық шарттар толық орындалды, нәтижесінде Дүниежүзілік банк тарапынан 350 млн доллар көлеміндегі алғашқы транш бойынша қаржыландыру басталды. Сондай-ақ осы ұйымнан қосымша 300 млн доллар бөлу жөніндегі келіссөздер сәтті аяқталды. Бұл қаражатты биылғы жылдың ортасында алуға болады, — деді Ф. Каххорзода.
Оның сөзінше, сондай-ақ Ислам даму банкі, Сауд Арабиясының даму қоры, Кувейттің даму қоры және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арқылы жалпы сомасы 850 млн доллар болатын қаражат тарту рәсімдері аяқталуға жақын.
Рогун ГЭС-і Вахш өзені бойында, Рогун қаласына жақын маңда салынып жатқан ірі гидроэлектр станциясы. Жоба толық аяқталғаннан кейін биіктігі 335 метр болатын бөгет әлемдегі ең биік ГЭС бөгеті атанса, орнатылған қуаты 3780 МВт станция Орталық Азиядағы ең ірі энергетикалық нысанға айналады. Өндірілетін электр энергиясын Пәкістан еліне CASA-1000 жобасы аясында экспорттау жоспарланған.
Осыған дейін Өзбекстанның Тәжікстандағы «Рогун» ГЭС-інен электр энергиясын импорттайтыны туралы жаздық.