Тегеурінді теңіз күштері

02.04.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Бүгін – Әскери-теңіз күштерінің құрылғанына 33 жыл. Айтулы датаға орай Қорғаныс министрлігі БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, әлемдегі ең ірі құрлықішілік су айдыны саналатын Каспий жағалауына жол түскен еді. Сапар барысында элиталы жасақ – теңіз жаяу әскерлерінің әлеуетін көзбен көріп, мүмкіндігін бағамдап қайттық.

Жігерлі жасақ жаттығуы

Маңғыстаудағы сапарымыз «Оймаша» полигонынан басталды. Кең дала төсіндегі алаңда 25744 әскери бөлімі ұрысқа қызу дайындалып жатыр екен. Атыс-шабуылдың тарсыл-гүрсіл дауысы жер жарып тұр. Шыңдалу барысында біраз сарбаздың нысананы дәл көздеп, дөп тигізгенін көрдік.

Теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі, подполковник Азамат Сүлейменовтің айтуынша, жауынгерлер снайперлік винтовка мен түрлі гранатаатқыштардан мергендігін жиі шыңдап отырады.

«Әскери бөлімде сыныптар заманауи құралдармен жабдықтал­ған. Сарбаздар арнайы тренажерлар арқылы танк секілді әскери көліктерді жүргізуді, қару-жарақ түрлерін қолдануды үйренеді. Түйгенін шынайы полигонда сынап, жаттығады. Сонымен қатар ойлау, шешім қабылдау шапшаңдығы, командада жұмыс істей алу қабілетін де жетілдіреді», дейді подполковник.

Көп арасынан бойшаң жауынгер ерекше назарымызға ілікті. Ол еліміздегі Қарулы күштер тари­хындағы ең бойы ұзын сарбаз Әлішер Назымбек екен. 20 жастағы азаматтың бойы – 2 метр 9 сантиметр. Ақмола өңірінің тумасы Отан алдындағы борышын өтеп жүр.

«Әскерге алғаш келген бетте киім-кешекті арнайы тапсырыспен тігіп, тіпті кереуетімді де ұзартып берді. Бүгінде темірдей тәртіп пен табандылыққа шынық­тым. Борышымды өтеген соң келісімшартпен теңіз жаяу әскери бригадасында қалуды жоспарлап отырмын», дейді Әлішер.

Одан кейін әскери-тактикалық пейнтбол алаңына беттедік. Мұнда сарбаздар имитациялық қарумен екі взвод болып бақ сынады. Такти­касы тың, қимыл-қозғалысы  ширақ, өздері қырағы топ жеңіске жетті.

Сапардағы ерекше жылы сәттің бірі – төрт жасар блогер Бек Сәбиттің теңіз жаяу әскерлерінің қатарына қабылдану рәсімі. Балдырғанның әскери антты сал­мақты айтуы, ержүрек қимыл-қозғалысы жи­нал­­ғандарды сүйсінтті. Бектің әкесі Әли Сәбитұлы ұлының әскерилерге қызығушылығы ерте байқалғанын айтады.

«Балам дзюдоға қатысады, айт­қан нәрсені лезде қағып алады. Сондықтан оның қызығушылығын қолдап, бойына жауынгерлік рухты сіңіргіміз келеді. Бұл – жас ұрпақты елін-жерін сүюге, қорғауға тәрбиелеудің бір жолы», дейді әкесі.

Біз де «теңізші» болдық

Әрі қарай біз әскери-теңіз базасына табан тіредік. Жалпы, экипаж құрамында 27–29 әскери теңізші, оның ішінде сегізден он екіге дейін мерзімді әскери қыз­метші болады. Теңізге шықпас бұрын олар 40 күн­­­дік арнайы дайын­­­дықтан өтеді.

«Әр жауынгерлік бөлімнің өзіндік міндеті бар. Мәселен, бірін­ші бөлім картамен жұмыс істеп, судың тереңдігін, рельефін және кемелердің орналасуын анықтайды», дейді кеме командирі Мұрат Жорабекұлы.

Кемелер дивизионының коман­дирі Руслан Яхьяровтың айтуынша, Әскери-теңіз күштері заманауи зымыран-артиллерия, мина тартқыш корабльдер, гидрографиялық кемелер және десанттық катерлермен жабдықталған.

«Мәселен, «Алатау» мина тазалаушы кемесі 2016 жылы қару-жарақ құрамына қабылданды. Десек те, теңіз түбіндегі, айналасындағы не кеме якорына бекітілген бар­лық минаның түрін анықтап, залал­сыздандыруға қауқарлы», дейді ол.

Теңізшілердің қызметі мен тұрмысын көрмекке «Зымыран» кемесінің төменгі үш қабатына түстік. Асханасы мен жатын орын­дарын араладық. Теңіз қызмет­шілерінің алаңсыз қызмет атқа­руына, демалуына барлық жағдай жасалған. Айтпақшы, бір ерекшелігі – матростар тамақты камбуздарда (кеме асханасында) өздері дайындайды екен.

Кемелердің әлеуетімен жіті танысқан соң, Каспий теңі­зіне шық­тық. Байқағаны­мыз, кемелердің жыл­дамдығы жо­ға­ры. Сағатына 55 км-мен жүйткиді. Со­дан болар, теңіз­дің ырғағына үй­ренбеген біз желдің күшімен көтерілген толқынның екпінінен басымыз айналып, есеңгіреп қалдық.

Тағы бір қызық дерек. Теңізші­лерде ескіден қалған екі дәстүр бар. Біріншісі – кеме капитанының орнына өзінен басқа ешкімге отыруға болмайды. Екінші салт – толқынға тербелген әрбір адам қарт Каспийдің тұзды суын ішуі керек. Әдептен озбай, біз де капитанның рұқсатымен жағадан бірнеше шақырымға алыстағаннан кейін алынған мөп-мөлдір, теңіздің тіл қуырар суын ұрттадық. Жазылмаған заңның шарты бойынша кемі литрді бір-ақ ішу керек. Алайда кәсіби теңізші емес, журналист екеніміз ескеріліп, БАҚ өкілдеріне жеңілдік жасалды. Осылайша, біз де «теңізші» атанып, сертификат алдық.

Күзет аумағындағы жауапкершілік

Еліміздің дербес әскери-теңіз күштері Президент Жарлығымен 1993 жылдың 2 сәуірінде құрыл­ды. 1997 жылы Әскери-теңіз күш­тері жағалау күзетімен бірікті­­ріліп, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетіне беріледі. Ал 2003 жылы Президенттің «Қарулы күштердің үш қызметтік құрылымын құру туралы» Жарлығымен Әскери-теңіз күштері еліміздің Қарулы күштерінің толыққанды үшінші тармағына айналған.

Бүгінде құрамында бірнеше кеме бар, оның төртеуі өзіміздің Оралдағы «Зенит» зауытында жа­салған. Баспасөз турында «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыс­тау» атты зымыран-артилле­риялық кемелерін көзбен көріп, көңілде мақтаныш ұялады. Одан бөлек, әскери теңізшілер қара­мағында «Жайық» және «Таби­ғат» гидрографиялық кемелері, жоғарыда атап өткен «Алатау» рейдтік мина тасушы кемесі, «Қай­сар» диверсияға қарсы катері бар.

Бүгінде еліміздің әскери-теңіз күштері толығымен қалып­тасып, өз кемеліне жетіп келеді. Оның бөлімшелері мемлекеттік шекараны қорғау, Ақтау, Баутино, Құрық порттарын, жасанды аралдарды, Каспий теңізінің бізге тиесілі 29 пайызындағы құбырлар мен кен орындарын күзетеді.

Сүңгуірлер даярлайтын бірегей орталық

Әскери-теңіз күштерінің қата­рына сүңгуірлер кіреді. Сапар барысында оларды арнайы даярлайтын еліміздегі жалғыз оқу орталығына да арнайы бардық. Бөлімше бастығы, капитан-лейтенант Руслан Қунақов орталық барлық мамандықтағы сүңгуірлерді, соның ішінде жауынгерлік жүзушілерді, техникалық бейіндегі, штаттағы және штаттан тыс кеме сүңгуірлерін даярлайтынын атап өтті. Кешеннің жылына шамамен 20-дан аса сүңгуірді даярлауға мүмкіндігі бар.

«Су астында қауіп көп. Дауылмен арпалысып жүзесің, қауіп төнген экипажды құтқарасың. Әсіресе салада істен шыққан кемелерді жөндейтін сүңгуір дәнекерлеушінің еңбегі ерен. Каспийді жағалай қоныс тепкен бес мемлекеттің теңіз күштері үнемі тәжірибе алмасып, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрады. Әскери-теңіз күштеріне кадрлар негізінен шетелдік оқу орындарында даярланады. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Еуропа елдерінде оқиды», дейді ол.

Қазіргі уақытта Әскери-теңіз күште­рінде мамандандырылған екі зертхана және бір оқу сыныбы бар. Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы бас штабының роботтандырылған жүйелерді қолдану жөніндегі аға офицері, подполковник Григорий Селивановтың айтуынша, оқыту әскери қызметшілерге ұшқышсыз жүйелерді басқарудың бастап­қы дағдыларын үйретіп, заманауи қару түрлері туралы түсінік беруге бағытталған.

«Бұл бөлімшелердің дайын­дығын арттырып, жеке құрамның қазіргі заманғы ұрыс жағдайларына бейімделуін қамтамасыз етеді», деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар «бірінші жақтан көретін» FPV-дрондардың мүмкіндігін көрдік. Онда оператор дрон камерасынан түскен бейнені көзілдірік арқылы көріп, сол құрылғының ішінде отырғандай сезімде болады. Бұл ұшқышсыз аппаратты жоғары дәлдікпен басқаруға мүмкіндік береді.

Мерзімді қызмет нәтижесі

Барған күннің ертеңінде Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерлері батальонында мерзімді қызметін өтеген сарбаздардың Жауынгерлік тумен қоштасу рәсіміне қатыстық. Салтанатты іс-шараға қолбасшылық пен сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Басшылық сарбаздарға алғыс айтып, естелік сыйлығын табыстады.

«Әскерге былтыр көктемгі шақыры­лыммен сәуірде келдім. Алғашқы айда сап­тық дайындықтан өттік, кейін бөлім­шелерге бөліндік. Әуелі қарауыл қызметінде болып, одан соң кемеде қызмет еттім. Атыс жаттығуларына қатысып, төтенше жағдайларда әрекет етуді үйрендік. Өзім Астананың тұрғыны болған соң бастап­қыда климатқа бейімделу қиын болды, бірақ уақыт өте үйрендім», дейді Рустам Дәулетбаев.

Жас сарбаздар оркестрдің сүйемел­деуімен алаң бойында адымдап, мемлекеттік нышандарға бас иіп, құрмет көрсетті. Кейін әндетіп, үйлеріне жол тартты.

Баспасөз турының соңында Әуе қорғанысы күштерінің нысанын аралап көрдік. Аумақтағы заманауи авиациялық техникалар тізбегі ел қорғанысының қуатын айқын аңғартты. Түйіндей айтқанда, елдің әуе кеңістігі де, Каспийдегі көк толқыны да – қырағы күштің сенімді күзетінде.

Соңғы жаңалықтар

Қызылордада құрғақ шөп өртенді: Үйлер мен ғимараттарға қауіп төніп тұр

Оқиға • Кеше

Қазақстан мен Украина телефон алаяқтарына қарсы бірлескен операция жүргізді

Қоғам • Кеше

FlyArystan әуе компаниясы Дубайға рейстерді мамырдың ортасына дейін тоқтатты

Қоғам • Кеше

Ақмола облысында әйелді азаптап өлтірген ер адам 24 жылдан кейін сотталды

Оқиға • Кеше

Ертең еліміздің 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Ауа райы • Кеше

Үй иесінің құқығы сөзсіз басымдыққа ие: Сарапшы жаңа Конституцияның 28-ші бабын талдап берді

Ата заң • Кеше

Алматы зообағында дүниеге келген амур жолбарыстарына есім берілді

Жануарлар • Кеше

Маңғыстауда жанармай бекетінде жарылыс болып, жұмысшыны күйік шалды

Оқиға • Кеше

15 жастағы қазақ баласы «Барселонамен» келісімшартқа отырды

Футбол • Кеше

2026 жылдың басынан бері Атырауда 31 көлік өртенді

Оқиға • Кеше

Абай облысында адам саудасымен айналысқан көпбалалы ана сотталды

Оқиға • Кеше

ЖИ көмегімен жаңарған мұра: Ежелгі петроглифтер көрмеге қойылады

Көрме • Кеше

Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны 5 есе артты

Қоғам • Кеше

«Шәмші әлемі»: Астанада композитор құрметіне музыкалық инсталляция орнатылды

Елорда • Кеше

Бүгін NASA 54 жылдан кейін Айға алғашқы экипажын ұшырады

Оқиға • Кеше

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью