Тексерулерге мораторий және салықтық түзетулер: Жолдаудан кейін үкімет не дайындап жатыр

29.10.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеру, Салық кодексіне өзгерістер әзірлеу және микро мен шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылау - ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Президент Жолдауынан кейінгі Үкімет жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ең төменгі жалақы өседі, бизнесті тексеру мәселесі талқыланады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өседі. Әмриннің айтуынша, қажетті қаражат алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджетте қарастырылады.

"Халық табысының өсуі экономиканың тұрақты әрі сапалы дамуы, сондай-ақ инфляцияның төмендеуі есебінен қамтамасыз етіледі", - деді вице-министр.

Орта бизнесті дамыту үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру және кәсіпорындарды технологиялық жаңғырту шаралары қамтылған бөлек жоспар дайындалады.

Бұдан бөлек, үкімет Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастырады.

"Микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мәселесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп қаралады", - деп мәлімдеді Әмрин.

Салық кодексіне түзетулер әзірленді

Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері жобалық кеңсе аясында салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер талқыланып жатыр. Түзетулер пакеті бизнестің ұсыныстарын ескере отырып дайындалды.

"Бизнес-қоғамдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, Салық кодексіне нақты түзетулер пакеті әзірленді", - деді Әмрин.

Бай-бағландар үшін жоғары мөлшерлеме енгізу мәселесі халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастырылады. Үкімет Қазақстан жағдайына бейімделген тәсілді әзірлеуді көздеп отыр.

Ауқымды құрылыстарды қаржыландыру үшін Инфрақұрылымдық даму қорын құру жоспарланған. Бюджет кодексіне қордың жұмыс тәртібін, жобаларды қаржыландыру және қаражаттың пайдаланылуын бақылауды айқындайтын түзетулер дайындалды.

"Негізсіз және тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде қолданылады", - деді вице-министр.

"Бәйтерек" холдингіне жаңа функциялар беріледі

Алатау қаласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында сот жүйесі мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Қаланың ерекше құқықтық режимі туралы конституциялық заңға түзетулерді Құрылтайдың қарауына 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр.

"Бәйтерек" холдингіне инвестициялық саясат саласында қосымша функциялар беріледі.

Мемлекеттік басқару реформасы аясында үкімет мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруды және оны цифрландыру мен жасанды интеллектпен жұмыс істеуге бейімдеуді көздейді. Ол үшін кешенді жоспар әзірленіп, қажетті құқықтық және қаржылық шаралар қабылданады.

28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Ол 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Президенттің айтуынша, бұл 1,8 миллионға жуық адамның, оның ішінде 370 мыңнан астам бюджеттік сала қызметкерлерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью