Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Былтыр елімізде 1,5 мың шақырым шойын жол жөнделді. Биыл 1,6 мың шақырымын жөндеу жоспарланып отыр. Өткен жылы жалпы теміржол саласы рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Мәселен, тасымалдау көлемі шамамен 318 млн тоннаға жетті. Ал биыл тасымал көлемі 327 млн тоннаны құрайды деп болжанып отыр. Сонымен қатар «Қызылжар – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал», «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» бағыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталады. Ал былтыр ұзындығы – 911 шақырым «Достық – Мойынты» және «Алматы айнаалма жолы» сияқты ірі жобалар аяқталды. Бұл желінің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға және транзиттік тасымалдарды жеделдетуге мүмкіндік берді. Бұған қосымша пойыздарды реттеудің заманауи жүйелері енгізілуде. Одан бөлек 236 локомотив, 1,4 мыңнан астам жүк және заманауи 191 жолаушы вагонын жеткізу жоспарланып отыр.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік вице-министрі:
- Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын дамыту және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру іс жүзінде орындаудың белсенді кезеңіне өтті. Халықаралық көлік дәліздері де қарқынды дамып келеді. Олар – Транскаспий халықаралық көлік бағыты және Солтүстік – Оңтүстік бағыттары. ТХКБ-ның өткізу қабілетін арттыру шеңберінде порттар инфрақұрылымын жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Мәселен, отандық сауда флоты 4 пароммен толықтырылады.