Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
АСТАНА, 29 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысында жасөспірімдерді құтқарған азаматтар марапатталды, деп хабарлады облыстық әкімдік.
Теңізде жүзу кезінде тым алысқа ұзап кеткен екі жасөспірімді құтқарған Қызылөзен ауылының үш тұрғыны марапатталды. Оларға облыстық полиция департаменті бастығының грамотасы мен аудан әкімінің алғысы табысталды.
Түпқараған ауданы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 27 тамыз күні таңертең болған.
"Теңізге сапбордпен шыққан екі жасөспірімді қатты жел алып кеткен. Жағдайды естіген ауыл азаматтары уақыт жоғалтпай іздестіру жұмыстарына кіріскен", - дейді әкімдікте.
Нәтижесінде жасөспірімдер Қызылөзен ауылы тұсынан Форт-Шевченко бағытына қарай шамамен 3 шақырым, жағадан теңізге қарай 1,5-2 шақырым қашықтықтан табылып, аман-есен жағаға шығарылды.