Теңізшевройлдың қазақстандық жеткізушілерден сатып алу көлемі 53,3 миллиард АҚШ долларынан асты

16.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Іс-шара Қазақстанның мұнай-газ машина жасау саласын одан әрі дамыту, елдің өндірістік әлеуетін нығайту және қазақстандық кәсіпорындардың ірі мұнай-газ жобаларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылау үшін мемлекеттік органдардың, мұнай-газ операторларының, отандық өндірушілердің, сервистік компаниялардың және салалық ұйымдардың өкілдерін бір алаңға жинады.

Форум аясында пленарлық сессиялар, операторлар мен қолданыстағы және әлеуетті жеткізушілер арасындағы кездесулер, сондай-ақ Ашық есік күні ұйымдастырылып, қатысушылар елдегі ең ірі мұнай-газ жобаларының алдағы сатып алу жоспарлары мен жеткізушілерге қойылатын талаптар туралы ақпарат алды.

Форум басталмас бұрын мемлекеттік органдардың, IMBC және мұнай-газ операторларының өкілдері Батыс Қазақстан облысындағы бірқатар өндірістік кәсіпорындарды аралады. Сапар барысында қатысушылар өңір кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктерімен танысып, жергіліктендіру деңгейін арттыру, ынтымақтастықты кеңейту және мұнай-газ саласына арналған жаңа өндірістерді дамыту мәселелерін талқылады.

«IMBC орталығының мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Бес жыл ішінде орталық ірі операторлар мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықтың маңызды буынына айналып, өндірісті жергіліктендіруге және отандық компаниялардың мұнай-газ жобаларына қатысуын кеңейтуге ықпал етті. Жергілікті қамтуды дамыту бағытындағы жұмыстарды одан әрі қолдау және бекітілген бес жылдық даму бағдарламасы аясында Министрлік Теңіз жобасы бойынша тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер саласындағы ынтымақтастықты жалғастыру туралы меморандум жасасты», – деп атап өтті ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров.

Құрылған сәттен бастап ТШО-ның қазақстандық жеткізушілерден сатып алу көлемі 53,3 млрд АҚШ долларынан асты. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында ТШО 1,5 млрд АҚШ долларына тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алды. Оның ішінде 1,1 млрд АҚШ доллары, немесе жалпы көлемнің 72%-ы, қазақстандық жеткізушілерге тиесілі болды. Қазақстандық қамту үлесінің ең жоғары көрсеткіші жұмыстар мен қызметтер санаттарында тіркеліп, тиісінше 86% және 92% құрады. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысы бойынша, ТШО отандық өндірушілер мен жеткізушілерден сатып алу көлемін ұлғайту есебінен қазақстандық қамту үлесін 71%-ға жеткізіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Форумда сөз сөйлеген ТШО Бас директоры Билли Лакоби қазақстандық өндірушілерді дамыту Қазақстанның мұнай-газ саласының ұзақмерзімді әрі тұрақты өсуін қамтамасыз етудегі маңызды фактор екенін атап өтті.

«Қазақстандық жеткізушілер мен өндірушілерді дамыту ТШО үшін негізгі басымдықтардың бірі әрі Қазақстан үшін ұзақмерзімді құндылық қалыптастыру жөніндегі ұстанымымыздың маңызды бөлігі болып қала береді. Соңғы жылдары жергілікті кәсіпорындар өндірістік мүмкіндіктерін айтарлықтай күшейтіп, өнімдері мен қызметтерінің сапасын арттырды және халықаралық салалық стандарттарға сәйкес өз құзыреттерін кеңейтті. Бүгінде қазақстандық компаниялардың ірі мұнай-газ жобаларына табысты қатысып, жаңа өнімдер мен қызметтерді игеріп, ТШО үшін ғана емес, бүкіл сала үшін сенімді серіктеске айналып жатқанын көріп отырмыз», – деді Билли Лакоби.

Батыс Қазақстан облысы ТШО үшін маңызды жеткізуші өңірлердің бірі болып саналады. Компания өңір кәсіпорындарымен мұнай-газ жабдықтарын, химиялық өнімдерді, жылу оқшаулағыш материалдарды, жеке қорғаныс құралдарын жеткізу және мамандандырылған қызметтер көрсету сияқты әртүрлі бағыттар бойынша ынтымақтастық орнатқан.

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен келісілген ТШО-ның 2025-2029 жылдарға арналған қазақстандық қамтуды дамыту стратегиясы аясында 2026 жылдың бірінші жартысында Батыс Қазақстан облысына өңіраралық жұмыс сапары ұйымдастырылды. Оның мақсаты – өңірлік билік органдарымен ынтымақтастықты дамыту, жергілікті өндірушілердің әлеуетін зерделеу және оларды ТШО қызметіне кеңінен тарту мүмкіндіктерін қарастыру.

Сапар барысында ТШО өкілдері өңір басшылығымен және бизнес қауымдастық өкілдерімен кездесулер өткізіп, 17 өндірістік алаңды аралап, мұнай-газ саласына өнім шығаратын қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерімен танысты.

Соңғы үш жыл ішінде ТШО-ның Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардан сатып алған тауарларының, жұмыстары мен қызметтерінің жалпы көлемі шамамен 184 миллион АҚШ долларын құрады. Бұдан бөлек, өңір кәсіпорындары Теңіздегі Болашақ кеңею жобасы мен Ұңғы сағасындағы қысымды басқару жобасын іске асыруға белсенді қатысты. Осы жобалар аясында Батыс Қазақстан облысы кәсіпорындары орындаған келісімшарттардың жалпы құны 118 миллион АҚШ долларына жетті.

Сондай-ақ 2025 жылы ТШО өкілдері Шымкент қаласына, Абай, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарына өңіраралық жұмыс сапарларын жүзеге асырды.

Форум мен операторлардың Ашық есік күні мемлекет, мұнай-газ компаниялары және отандық өндірушілер арасындағы тығыз ынтымақтастықтың Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мен жергілікті бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырудағы маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью