Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
– Осы! Осы! Келіңіз! Төрлетіңіз!
– Балам үйленіп, той жасағалы жатыр едік. Тойдың қызықты өтуі асабаға тікелей қатысты ғой, шырағым. Маған тойды жандырып жіберетін асаба керек.
– Ондай асаба бізде бар. Тіпті пішен. Тойыңызды түрлендіріп тамаша етіп өткізіп береріне бәс тіге аламын. Алдын ала ақысын төлесеңіз, боқысын шығарамыз.
– Боқысы несі тағы?
– Сөздің реті ғой, ақсақал. Тойды мынауский етіп өткізіп береміз деген сөз ғой. – Ә! Осы сендер қайдағы жоқ сөзді қайдан тауып ала қоясыңдар? Жә, сонымен маған қай асабаны ұсынғалы отырсың?
– Мына Тойболды деген азамат мықты тамада. Бұл қалада бұдан асқан тамада жоқ. Кассаға ақшасын төлеп, тойдың қай күні, қай тойханада өтетінін жазып кетіңіз.
– Тойболды тойға келгендерді екі езуі жыртылғанша күлдіре алады ма?
– Күлдіреді.
– Бұл тойдың керемет қызықты өткенін білдіреді ме?
– Білдіреді.
– Бұл бала билік қолына тиген соң, ойына келгенін оттап, бүлдірмей ме?
– Бүлдіреді. То-есть, бүлдірмейді. Есесіне жұртты ішегі қатқанша күлдіреді.
– Ендеше, осы балаға тоқтадым.
– Қам жемеңіз, ақсақал! Бәрі де шики-шики болады.
– Шықы-шықы деген не?
– Шықы-шықы емес, шики-шики деймін. Ол кереметтен де керемет деген сөз. Той басталды. Ортаға жұлқынып асаба шықты. Сөзге шөліркеп қалған ба, Тойболды жұртшылық «қой, болды енді» дегенше, ауызы көпіріп тоқтаусыз сөйледі. Мұнан соң ортаға жас жұбайларды шақырды. «Жар-жар» айтылып, жігіт пен келін көпшілікке бас иіп, асабаның айтқан жеріне тоқтай қалды. Тойболды жас келінге сәлем салдырып еді, Сәндігүл бетін шымшылады.
– Осында келіннің әкесі мен анасы, бауырлары отыр. Келін өз әкесіне, бауырларына сәлем салушы ма еді? – деп күңк етті.
– Жә, босқа ашуланбаңыз, бұл тойдың ырымы ғой, – деп жанындағы әйел басу айтып еді, Сәндігүл өршеленіп кетті. Бір кезде Тойболды ортаға жаңа құдаларды шақырды. Оның айтуы бойынша екі құда екі жаққа ұзаңқырап шегініп, сол тұрған жерлерінен жүгіріп келіп құшақта-сулары керек екен. Асаба айтса – заң! Екі құда екі бұрышқа барып біріне-бірі қарама-қарсы жүгіремін деп біреуі шалынып, омақаса құлады. Оны тұрғызамын деп жұрт үймелеп қалды.
Осыдан соң тамада «Тентек кәде» деген ойын ұйымдастырды. Бұл ойынның шарты бойынша жаңа құдалар бірін-бірі сөзбен іліп, сын садағымен атқыласуға тиіс екен. Жаңа құдалардың шыдамдылығын сын таразысына салатын бұл ойынның ережесі де оңып тұрған жоқ еді. Бірін-бірі әлі толық біліп болмаған құдалар қайткенде қарсыласын ызаландыруы керек. Соған шыдаған шыдады, шыдамаған сыннан құлады. Ойын қызып жүріп кетті.
Келін жақтан тойға келген Салқынбек содырлардың сойынан еді. Ол анау-мынау ойынды көтере алмайтын. Мына біреу ежірейіп бірдеңе деп күңкілдейді. «Қайдан келген алқашсың?» деп айқаптағы жынына тиіп діңкілдейді. Мұндайға шыдайтын Салқынбек пе, қарсыласын салып қалды. Ол жалп етіп құлап, талып қалды. Тойшыл топ ережесіз төбелес көріп отырғандай орындарынан тұрып, жер тепкілеп, ысқырып, залды азан-қазан етті.
Бұл кезде жаңа құданы «Жедел жәрдем» зембілге салып алып кетіп бара жатыр еді.
– Бүйткен кәделерің құрып кетсін! – деп Сәндігүл ернін сылп еткізді.
– Осы күнгі асабалардан-ақ тойып біттім. Қазақтың салтында жоқ қайдағы-жайдағы әлденелерді тауып алады. Әй, бұрынғы ата салтымызбен өткізсек болмас па еді тойды? – деп Ынтымақ күйінді.
– Осы асаба, тамада дегендерден-ақ көресіні көріп біттік. Анадағы бір тойда жас келін атасына қасықпен торт жегіземін деп жасанды тістерін түгел сыпырып түсіріп еді. Мынау одан да өткен тамаша болды, – деп Нұртай қарқ-қарқ күлді.
– Тойға да қорқып баратын заман туды ғой, – деп Жағыпар шақшасын алып тізесіне соққылады.
Мұнан соң той-той болмады, бала-шаға жеп кетті. «Тағы бір кәденің кәкіріне ұшырап, біз де таяқ жеп қалмайық» деп ойлаған көпшілік біртіндеп тарай бастады.
Той иесі Мақтабек «мыналар той кәдесін бермей кетіп бара жатыр ғой» деп ойлағанда, сылқ етіп құлады. Бетіне су бүркіп еді тұрмады. Екі бетін шымшылап еді, тұрмады. Мұнан соң амал жоқ, «Жедел жәрдем» шақырылды.
Мақтабек аурухана палатасында «асаба, асаба!» деп оянды. Дәрігер оған «Тентек кәде» деген диагноз қойды.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ