Терезелерін целлофанмен жаптық : Алматы облысында мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр

12.06.2026

Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

АСТАНА, 12 маусым – Sputnik. Алматы облысы Райымбек ауданы Қызылшекара ауылындағы мектеп апатты жағдайда тұр. Осылай деп дабыл қаққан ауыл тұрғындары Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берді.

Шекараның маңында орналасқан Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектептің жағдайы сын көтермейді деп шулаған Қызылшекара ауылының тұрғындары журналистерден көмек сұрады. Айтуларынша, 1979 жылы салынған мектеп апатты жағдайда тұр. Той тойлап, ақша шашқанша мектебімізді жөндеп берсін дейді тұрғындар.

"Қазіргі таңда бұл мектепте 250-ден астам оқушы білім алып жатыр. Алайда білім ордасының күрделі жөндеу көрмегеніне көптеген жыл болған. Ғимараттың қазіргі жағдайы апаттық деңгейге жақындап отыр. Білім алып жатқан 250 баланың қауіпсіздігі мен өміріне кім жауап береді? Неліктен мектептің жөндеу жұмыстарын техникалық қызметкерлер өз күштерімен атқаруға мәжбүр?", - дейді Қызылшекара ауылының тұрғындары.

Алматы облысында мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр

Алматы облысында мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр

Мектеп ғимараты суық, ата-ана біткен ақша жинап, кабинеттерді жылытқышпен жылытып жүр.

"Үшінші қабаттағы терезелердің ағаш жақтаулары түгел кеуіп, әйнектері сынып жатыр. Қыста өте суық, асхана тіпті суық. Терезелеріне сыртынан целлофан жауып қойғанбыз. Балалар сол суық асханада тамақ ішеді. Ата-аналар ақша жинап, кабинеттерде жылытқыш қосамыз. Соңғы үш жылдан бері "мектепті жасап беріңдер" деп қанша өтініш айттық. Мен мұнда жұмыс істегелі 8 жыл, осы жылдар ішіндегі проблема", - дейді ауыл тұрғыны Ләйлім Сатылғанова.

Жер сілкінгенде мектептің үшінші қабатының қабырғалары сөгіліп кеткен. Қабырғалар сол күйде әлі тұр.

"Қаншама комиссия келді, аудандық әкімдік, оқу бөлімінің мамандары келіп көріп кетті. Бюджеттен ақша бөлінбеді деп айтады", - Ләйлім Сатылғанова.

Айтпақшы, мектебі қирағалы тұрған ауданда Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Ауқымды шара бірнеше ауылды қамтыған. Сарыбастау ауылында ауыл шаруашылығы форумы, 12 маусымда Қақпақ ауылында "Ғылым мен білім кемел келешекке нық қадам" ғалымдар форумы, 9 шілдеде аудан ортылығы Нарынқолда 90 жылдық мерейтой, дәл сол күні Қарасаз ауылында республикалық ақындар айтысы өтеді. Сондай-ақ көрікті жерлерге пресс-тур, өнер жұлдыздары арнайы шақыртылған гала-концерт болады. Қысқасы мерейтой бағдарламасының ауқымы үлкен.

Алматы облысында мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр

Алматы облысында мектеп ғимараты апатты жағдайда тұр

Дәл осы шара мектебін жамап, әрең отырған ауыл тұрғындарының әбден шамына тиген.

Жағдайға қатысты Райымбек ауданының уәжі мынадай.

"Мектептің шатырына 2004 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мектептің жобалық сыйымдылығы 640 орынды құрайды. Қазіргі таңда білім беру ұйымында 227 оқушы білім алып жатыр. Мектеп ғимаратының екінші қабатында орналасқан мектеп жанындағы шағын орталықтың екі тобында 40 бала тәрбиеленіп жатыр. Бұл нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Жобаның жалпы құны 1,6 млрд теңге. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландыру мәселесі бойынша тиісті мемлекеттік органдарға бюджеттік өтінім ұсынылды", - дейді Райымбек аудандық әкімдігі.

Білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселесі аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында тұр. Қажетті қаражат бөлінген жағдайда, мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, деді әкімдікте.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью