Теріскейде жылқы бағып отырған шаруа қымыз саудасын қыздырды

26.12.2025

24.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..

Теріскейлік шаруа Нағашыбай Барлыбаев 40 жылға жуық бие байлап, қымыз саудасын қыздырып отыр.

Оған қоса тәжірибелі маман егін егіп, асыл тұқымды мал шаруашылығымен де айналысады. Бірақ ұлттық сусынға баса көңіл бөледі. Өйткені дәмі тіл үйіретін қымызға қысы-жазы сұраныс жоғары.

Нағашыбай Барлыбаев көзін ашқалы Қамбар ата төлін бағумен айналысып келеді. Бала кезінде анасы екі бие байлап, қымыз баптағаны есінде. Бір биенің сүті үйге қалса, қалғаны көрші қолаң мен қонақтарға ұсынылған.

Нағашыбай Барлыбаев, шаруа:

- Бала күнімнен жылқы малына жақын болдым. Жазда жайлауға шығарып, қыста шөбін дайындайтынмын. Біздің ауылда совхоздың малы болды. 350 жылқы, сауынды сиырдың саны мыңнан асатын. Кейін жекешелендіру келген кезде бізде 43 бас мал қалды. Міне, мен сол 43 басты қазір 500 басқа дейін жеткіздім. 

Бастапқы кезде шаруа қымызды тек жазғы уақытта ғана өндіретін. Ал қазір оның фермасы жыл он екі ай жұмыс істейді. Жылына 60 мың литрге дейін қымыз дайындайды. Шаруа арнайы қазақы тұқымды жабы жылқаларын сатып алған. Теріскейлік климатқа бейімделген биелер өте сүтті келеді. Мәселен, жазғы уақытты бір бие 6-7 литрге дейін сүт береді. 

Ақмарал Нұрғожина, сауыншы:

- Қондырғылар толығымен автоматтандырылған. Бұрынғыдай саумалдарды қолмен тасымаймыз. Бәрі өте ыңғайлы.

Сауылған саумал бірден өңделуге жіберіледі. Мамандар қоспасыз, заманауи технологияларды пайдаланады.

Зәуреш Мұстафина, қымыз цехының қызметкері:

- Бірінші күбіні ыстаймыз. Кейін ашытқыны құямыз. Содан кейін ғана жылы саумалды құйып, араластырамыз. Сүт суып қалса, аздап жылытып алған абзал.

Ал келесі күні дайын өнім сәл салқындатылып, құтыларға құйылып тұтынушыларға жөнелтіледі. Шаруа ұлттық сусынды жақын маңдағы аудан, ауылдарға сатады. Жалпы қазір бұл шаруашылықта 500-ге жуық жылқы бар. 

Абзал Азаматұлы, Наталья Волкова, Куаныш Казбеков

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью