Теріскейдегі демографиялық ахуал қалай түзеледі?

30.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық статистика бюросының мәлі­ме­тіне қарағанда, ел халқы өткен жылы 212 576 адамға көбейіп, биылғы 1 қаңтарда
20 495 975 болған. Алайда өңірлердегі жағдай әркелкі екендігі, әсіресе солтүстік, шығыс облыстарда қалыптасқан демо­графиялық ахуал оңалмай тұрғандығы ойландырмай қоймайды. Бұл бағытта Үкімет тарапынан қолға алынған шаралар да бірқатар. Соның бастысы – 2017 жылдан бастап іске асырылып жатқан, жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті қоныс аудару жөніндегі әлеуметтік жоба. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне жүгінсек, арада өткен уақыт ішінде оңтүстік облыстардан теріскей жаққа 66,2 мың адам қоныс аударылған. Қоныс аударушылардың жалпы санының шамамен 6 пайызы, 3,6 мың адам барған өңірлерінде әртүрлі себеппен тұрақтамай, кері қайтқан. Тұтастай алғанда, «Оңтүстіктен – солтүс­тікке» бағдарламасы солтүстік, шығыс өңірлердегі демографиялық ахуалды түбе­гейлі сауықтыра алмай, «қарлы­ғаштың қанатымен су тамызғанындай-ақ» қауқары барлығын байқатып отыр.

Ұлттық статистика бюросының мә­ліме­тіне сүйенсек, қоныс аудару бағ­дарламасы жүзеге асырылған 9 жыл ішінде тұрғындар саны Абай облысында – 56 102 адамға (2017 жылы 651 778-ден 2026 жылдың басында 595 676-ға дейін), Қостанай облысында – 56 951 адамға (878 415-тен 821 464-ке дейін), Павлодар облысында – 11 382 адамға (756 599-дан 745 217-ге дейін), Солтүстік Қазақстан облысында – 48 427 адамға (562 583-тен 514 156-ға дейін), Шығыс Қазақстан облысында 17 864 адамға (736 809-дан 718 945-ке дейін) азайған. Жалпы алғанда, аталған өңірлер тұрғындарының саны 9 жылда 190 726 адамға кеміген. Яғни «Оңтүстіктен – солтүстікке» әлеуметтік жобасы, шетелден көшіп келген қандастарды өңірлік квота арқылы қабылдау теріс­кейдегі демографиялық олқылықтың үштен бірінің ғана орнын толтырып отыр. Өкінішке қарай, осы теріс үрдістің таяу уақытта тоқтайтын түрі көрінбейді. Еліміздің өңірлік дамуының 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында алдағы уақытта тұрғындар саны Абай облысында – 581,7 мыңға дейін, Қостанай облысында – 792 мыңға дейін, Павлодар облысында – 728,9 мыңға дейін, Солтүстік Қазақстан облысында – 488,2 мыңға дейін, Шығыс Қазақстан облысында 695,4 мыңға дейін азаяды деген болжам келтірілген. Оған осы өңірлердегі көші-қонның теріс сальдосы, бала туудың мардымсыздығы, қайтыс болғандар санының көптігі негіз болған.

Дегенмен тұйықтан шығар жол бары да анық. Біріншіден, өңірлердің әкімдіктері жыл сайын қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдау квотасына өтінім бергенде жергілікті кәсіпкерлердің сұраныстарын ғана ескеріп келеді. Бұл ретте Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесі жөнінде жаңа ұстанымдар әзірлеп, өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасау қажеттігін айтқаны ойға оралады. Оңтүстік өңірлерде жер тапшылығынан жеке кәсібін аша алмай, не ілгері бастыра алмай, тығырыққа тіреліп жүрген іскер азаматтар бар. Демек жергілікті атқарушы органдар осы мүмкіндікті барынша пайдалануға күш салса, құба-құп.

Екіншіден, биыл Абай облысының әкімдігі «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасын әзірлеп, іске қосқандығы – назар аударарлық бастама. Аталған бағ­дарламаға арналған өңірлік форумда облыс әкімі Берік Уәли: «Басты міндетіміз – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ауылды экономикалық өсімнің тірегіне айналдыру. 2026–2028 жылдары облысымызда жүзеге асырылатын «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы тек көші-қон мәселесін шешу құралы емес, ауылды жаңғыртуға бағытталған жүйелі қадам. Абай облысының әрбір ауылы – дамудың, тұрақтылықтың, жаңа мүмкіндіктердің орталығына айналуға тиіс», деді.

Жобаның басты мақсаты – ауыл халқын тұрақтандыру, қаладан ауылға қоныс аударатын отбасылар санын арттыру, кадр тапшылығын шешу, ауыл экономикасын дамыту. Оның аясында қолданыстағы мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламалар бір-бірімен үйлес­тіріле іске асырылып, ауылға қоныс ауда­рушыларға баспаналы болуға, бизнес жүргізуге, мал алуға жәрдем беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы сатып алынатын үйдің бастапқы жарнасы ретінде тұрғын үй сертификаты беріліп, 1,5 млн теңгеден аспайтын бастапқы жарнаның 90%-ын облыс әкімдігі өтейді. Сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларға гранттар беру, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы жергілікті өндірісті дамыту, облыс әкімінің білім гранттары арқылы ауылға қажетті мамандар даярлау көзделген. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуда «Ауыл аманаты», «Іскер аймақ» бағдарламалары, биыл бас­талатын «Игілік» жобасы маңызды рөл атқарады. Жеңілдетілген несие 6%-бен 7-10 жыл мерзімге беріліп, мал шаруашылығын дамытуға басымдық жасалады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста алғаш рет «Сауын сиыр» жобасы жүзеге асырылып, сүтті мал сатып алуға ден қойылады. «Тауарлы несие» жобасы аясында «100 қой» жобасы қолға алынады. Бұл орайда туған ауылына қолдау көрсетуге дайын кәсіпкерлерге үлкен үміт артылып отыр. Оларға жеңілдетілген несие беру, техникаға қысқа уақытта қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылып, қолдау көрсетілмекші.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жобаға қызығушылық танытып, хабарласып жатқан адамдар көп. Осыған орай арнайы жұмыс тобы құрылып, Auylga.kz арнайы сайты ашылған. Онда әр ауданға жауапты адамдардың тізімі, байланыс телефондарының нөмірлері көрсетілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөйлеген сөзінде: «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ», деген еді.

Мемлекет басшысының ұстанымы Абай облысы әкімдігінің «Қаладан – ауылға» әлеуметтік жобасының арқауына алынып отыр. Өңір басшысы аудандарға жұмыс сапарлары барысында шалғайдағы ауылдарға әдейілеп ат басын бұрып, жергілікті тұрғындардың хал-жағдайын біліп, көптен қордаланып қалған әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөліп жүр. Бұл теріскейдегі бірінен соң бірі жабылып жатқан қазақ ауылдарына жоламай, тек бірен-саран жай-күйі жақсы елді мекендерге барып, жауырды жаба тоқып жүрген кей әкімге ой салса, игі болар еді. Ол үшін, алдымен, ауылдағы ағайынға – шынайы жанашырлық, туған жерге перзенттік сүйіспеншілік қажет.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью