The Telegraph таңдауынан кейін голливудтық түсірілімдер мен ЮНЕСКО тізімінен не күтеміз

23.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Басылым өңірдің ерекше ландшафты мен минималистік сұлулығын әлемнің ең әйгілі шөлді жерлерімен қатар қойып отыр.

Бұл жетістік пен алдағы ірі жобалар туралы Маңғыстау облысы туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев «Jibek Joly» телеарнасының «Бүгін.Live» бағдарламасында кеңінен баяндап берді.

Британдық басылымның назарына ілігу – кездейсоқтық емес. Өңір басшылығы соңғы жылдары халықаралық Vogue журналы мен Euronews арнасының өкілдерін арнайы шақырып, өлке сұлулығын өз көздерімен көруге жағдай жасаған. Нәтижесінде Маңғыстаудың айрықша табиғаты сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.

– Белгілі басылымның топ ондығына ену – біз үшін үлкен мәртебе әрі жоғары сараптамалық баға. Біз бұл бағытта Kazakh Tourism ұйымымен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Фотодан көрген бір бөлек қой, сол себепті шетелдік басылым өкілдерін арнайы шақырып, жердің құдіретін сезіндіру біздің стратегиялық қадамымыз болды. Бұл тек имидж үшін емес, шетелдік туристер мен инвестиция тарту үшін де жасалып жатқан жұмыс, – дейді Ерсін Ибрашев.

Маңғыстау тек фотографтар мен саяхатшыларды ғана емес, әлемдік киноиндустрияны да қызықтыра бастады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл өңірде әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен үлкен киножоба жүзеге аспақ.

– «Құдіретті сауыт: Ультиматум» (Доспехи бога: Ультиматум) фильмінің кезекті бөлімін түсіруді көздеп отырмыз. Бұған дейін мұнда ресейлік музыканттар мен «Ay Yola» тобы бейнеклип түсірген болатын. Сондай-ақ миллиондаған оқырманы бар қытайлық блогер Тау Тауды тағы да шақырып, Үндістаннан да танымал тұлғаларды алдыруды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті басқарма басшысы.

Кино мен туризмнен бөлек, өңірдің рухани мұрасы да халықаралық деңгейге көтерілмек. Маңғыстаудағы 30-дан астам көрнекті орындардың ішінде бес жерасты мешіті биыл ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін.

– Биыл Бекет ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан Әпе мешіттері ЮНЕСКО құрамына кіреді деп күтіп отырмыз. Бұл – рухани туризмді дамытуға үлкен серпін береді. Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасымен инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру бойынша кешенді жоспарды іске асырып жатырмыз. Бозжыра, Шерқала, Жығылған сияқты бірегей орындарға келетін жол мен жағдайды жақсарту – басты назарда, – деп түйіндеді Е. Ибрашев.

Еске сала кетейік, Ақтауда қыс мезгілінде қолайсыз ауа райының салдарынан зардап шеккен екі аққу құтқарылып, табиғи мекеніне қайтарылғанын жазған едік.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью