Thirty Seconds to Mars тобының жанкүйері Алматыдағы концерттен кейін сотқа жүгінді

29.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Концерт қарсаңында туысының жарақат алуы ұйымдастырушылардың билет ақшасын қайтаруына негіз бола алмайды. Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының № 2 аудандық соты қала тұрғынының Thirty Seconds to Mars концертін ұйымдастырушыларға қарсы шағымын қарап, осындай шешімге келді, деп хабарлайды Tengri Life.

Не болды?

Әйел Thirty Seconds to Mars концертіне үш билет сатып алған. Оның бірі туысына арналған еді, алайда ол жарақат алып қалуына байланысты келе алмаған.

Концерт қарсаңында сатып алушы ұйымдастырушыдан бір билеттің ақшасын қайтаруды сұраған. Өтініші қабылданбағаннан кейін әйел сотқа жүгінуді ұйғарған.

Ол билет үшін 40 мың теңгені қайтаруды және моральдық шығын ретінде 15 мың теңге өтемақы төлеуді талап етті.

Концерт ұйымдастырушысы бұл талаптармен келіспеді. Компания өкілдері іс-шараның өткенін, ал әйелдің ақшаны қайтару туралы өтінішті тым кеш бергенін түсіндірді.

Сот неге ақшаны қайтарудан бас тартты?

Ұйымдастырушының ережесі бойынша, концертке үш жұмыс күнінен аз уақыт қалғанда билетті қайтару мүмкін емес. Сондай-ақ өнер көрсету кезінде және одан кейін де ақша қайтарылмайды.

Дегенмен, ерекше жағдайлар бар. Мысалы, егер сатып алушының өзі ауырып қалса немесе оның отбасы мүшесі не жақын туысы қайтыс болса, билетті қайтаруға болады.

Бұл жағдайда сот туысының жарақат алуы ақшаны қайтаруға жеткілікті негіз емес деп тапты.

Соттың түсіндіруінше, билетті әйелдің өзі немесе басқа біреу қолдана алар еді. Сондықтан ұйымдастырушы оның құнын қайтаруға міндетті емес.

Нәтижесінде сот екі талапты да қанағаттандырмады: әйел билет үшін 40 мың теңгені де, моральдық шығын үшін 15 мың теңгені де ала алмады.

Ол бұл шешімге шағымдануға тырысқанымен, облыстық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Алматыда қандай концерт өтті?

Thirty Seconds to Mars 2025 жылдың 21 маусымында Алматыдағы "Спартак" стадионында өнер көрсетті. Бұл топтың Орталық Азиядағы жалғыз концерті болды.

Ұжымды америкалық актер әрі музыкант Джаред Лето бастап барады. Ол "Даллас сатып алушылар клубы", "Суицидтер жасағы" және "Gucci үйі" фильмдері арқылы танымал.

2024 жылы топ Қазақстанға келіп, Астанада өнер көрсеткен болатын.

Джаред Лето туралы не белгілі?

2026 жылдың жазында BBC зерттеуінен кейін музыканттың айналасында дау туындады. Төрт әйел оны жыныстық зорлық-зомбылық жасады деп айыптады. Олардың айтуынша, кейбір оқиғалар олар кәмелетке толмаған кезде болған.

Летоның өзі айыптауларды жоққа шығарды. 2026 жылғы 29 шілдеде TMZ порталына берген сұхбатында ол былай деді:

"Мен өмірімде ешқашан ешкімге жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен емеспін. Бұл айыптаулар - мүлдем негізсіз әрі жалған".

Кейінірек БАҚ актердің режиссер Барри Левинсонның "Адам өлтіру" атты саяси триллеріне түспейтінін хабарлады. Дереккөздердің мәліметінше, фильм авторлары осы жанжалға байланысты онымен жұмыс істеуден бас тартқан болуы мүмкін.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью