Threads желісінде жалған резонанстық оқиға ойлап тапқан автор Қазақстанда 3 жылға сотталды

21.07.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Армияда жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп жалған оқиға ойлап тауып, Threads арқылы ақша жинаған 23 жастағы астаналық үш жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ІІМ-ге сілтеме жасап.

Оқиға қалай басталды?

23 ақпанда Threads желісінде резонанс тудырған анонимді жазба жарияланды. Оның авторы армияда болған кезде жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын, ал әскерден қайтқаннан кейін бір жыл бойы қудалаудан қорқып өмір сүріп жатқанын алға тартқан.

Жарияланымда командирінің күш қолданамын деп қорқытып, оны жыныстық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлегені айтылған. Автор болған жайтты егжей-тегжейлі сипаттап, Қазақстаннан шұғыл түрде кетіп қалуы керек екенін мәлімдеген.

Сонымен қатар ол әлеуметтік желі қолданушыларынан қаржылай көмек сұрап, ақша аудару үшін банк реквизиттерін қалдырған.

Өтіріктің беті қалай ашылды?

Бұл оқиғаның шынайылығына күмән келтірген желі қолданушыларының бірі полицияға жүгінген. Тексеру барысында құқық қорғау органдары банк шотының 17 жастағы жасөспірімге тиесілі екенін анықтады. Жасөспірімнің айтуынша, ол жазба авторымен хостелдердің бірінде танысқан. Автор өз шотын пайдалана алмайтынын айтып, одан банк картасының реквизиттерін беруді өтінген. Жасөспірім заңсыз әрекеттер туралы білмегенін айтты.

Небәрі екі күн ішінде шотқа қолданушылардан 100-ден аса ақшалай аударым түскен.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері жазба авторын ұстады.

23 жастағы астаналық ешқашан әскери қызметте болмаған, ал оқиғаның бәрі жалған болып шықты.

Полиция мәліметінше, ол өз әрекетімен жалған ақпарат таратып қана қоймай, әскери қызметтің беделіне нұқсан келтірген. Тергеу барысында ер адам жазбаны тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады.

Сот үкімі

"Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды", - делінген ІІМ хабарламасында.

Полиция қазақстандықтарды әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және мән-жайды анықтамай бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью