7kun.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Алматыдағы контейнерлерден тұрған бұрынғы «Тиграухада» базары толық жаңғыртудан өтіп, «Abai Plaza» сауда үйіне айналды. Нысанды модернизациялауға 4,5 млрд теңге жеке инвестиция салынған. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің алматыға жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Жаңғырту нәтижесінде базардың орнына жалпы ауданы 7,3 мың шаршы метр болатын заманауи сауда үйі ашылды. Қазір мұнда 55 кәсіпкер жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – бұрын осы базарда сауда жасаған кәсіпкерлер.
«4,5 млрд теңге жеке инвестицияға базарымызды жаңғыртып, қазір оны 7300 шаршы метрлік сауда орталығына айналдырдық. Сауда үйімізде 55 жалға алушы бар. Олардың 80 пайызы – бұрынғы жалға алушыларымыз», – деді «Тиграхауд» ЖШС бас директоры Азамат Шағытов.
Жаңартылған сауда нысанына Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков барды. Нысан қаладағы сауда базарларын модернизациялау жөніндегі жол картасы аясында жаңғыртылған.
Вице-министр сапар барысында 1948 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Бахус» зауытының қызметімен де танысты. 80 жылға жуық тарихы бар кәсіпорын 12 түрлі өнім шығарады. Зауыт ішкі нарықпен қатар шетелдік нарықтарға да өнім жеткізеді. Қазір оның өнімдері Ресей, Моңғолия, Таиланд және Өзбекстанға экспортталады.
Сапар аясында Айдар Әбілдабеков Алматы қаласының тұрғындары және бизнес өкілдерімен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Сондай-ақ сауда саласында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматының ішкі саудасындағы тауар айналымы 12,3 трлн теңгені құрады. Нақты көлем индексі 105,3%-ға жетіп, 103,9% деңгейіндегі жоспарлы көрсеткіштен асты. Алматының елдің ішкі саудасындағы үлесі 34%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш бойынша қала республикада бірінші орында тұр.
Қаңтар–маусым айларында бөлшек сауда көлемі 3,6 трлн теңгеге жетті. Оның өңірдің жалпы саудасындағы үлесі 29,5%-ды құрады. Көтерме сауда көлемі 8,6 трлн теңге болып, жалпы сауданың 69,9%-ына тең болды.
Осы кезеңде Алматының сауда саласына 161,8 млрд теңге инвестиция тартылған.
Қалада 37 сауда базары жұмыс істейді. Оның 31-і әмбебап, алтауы мамандандырылған. Бұдан бөлек, Алматыда 12 сауда желісі, 4 457 үй жанындағы дүкен, 21 сауда-ойын-сауық орталығы, 29 сауда орталығы және 42 сауда үйі бар. Ірі сауда желілерінің қатарында Magnum, Small, MyMart, Toimart, Metro, Interfood және Galmart аталды.