Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Соттың мәліметінше, екі жас өз үйлерінде TikTok әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирлер жүргізген. Көрермен санын көбейтіп, ақшалай сыйақы жинау үшін олар балағат сөздер айтып, әдейі бір-біріне дене жарақатын салған.
«2026 жылдың шілде айында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылының тұрғындары өз үйлерінде отырып, TikTok-тағы тікелей эфир барысында «донат» алу және көрермен тарту мақсатында бір-біріне әдейі дене жарақатын келтірген. Сондай-ақ олар бірнеше рет бейәдеп сөздер қолданған. Осы әрекеттері арқылы құқықбұзушылар айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіпті бұзған», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Еурокомиссия TikTok-тың балалар қауіпсіздігіне қатысты кемшіліктерін анықтады
Олардың кінәсі тікелей эфирлердің бейнежазбаларымен, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг материалдарымен, әкімшілік хаттамалармен және қатысушылардың өз түсініктемелерімен толық дәлелденді.
Сот отырысында екі айыпталушы да кінәларын мойындап, жасаған әрекеттеріне өкінетіндерін айтты. Қыз өзінің материалдық жағдайының қиын екенін алға тартып, өзіне қоғамдық жұмыстар тағайындауды сұрады. Ал екінші қатысушы айыппұлмен шектелуді өтінді.
Сот олардың өкінгенін және жас екенін ескере отырып, қызға 30 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады. Ал жігітке 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Сот қаулылары әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Жамбыл облысында әйел TikTok-тағы балағат сөздері үшін сотталды. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында басқа бір әйелге қатысты балағат және қорлайтын жазбалар жариялаған.