Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңсыз контент таратқан тоғыз адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ведомствоның мәліметінше, азаматтар цифрлық кеңістікте заң талаптарын бұзып, қаралым мен пікір жинау үшін әдейі шектен шыққан. Олар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жауапқа тартылды.
Астанада TikTok-та «Бауырсақ» лақап атымен танылған 37 жастағы Индира Ештаева тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтып, әдепсіз контент таратқан. Ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін айыппұл төлеуге міндеттелді.
Алматыда «Ақтөре» лақап атымен танымал 32 жастағы Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфирде балағат сөздер айтып, өзге адамдарды қорлаған. Сот оны бес тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Шымкентте 20 жастағы Данияр Сейдалиев көрермен назарын аудару мақсатында тікелей эфир кезінде электрошокер қолданып, бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Сондай-ақ эфир барысында адам ұрлау көрінісін ұйымдастырған. Сот оны сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Жамбыл облысында «Алтын қыз» лақап атымен танылған 41 жастағы Ләйло Қасымова бірнеше рет тікелей эфирде бейәдеп сөздер айтып, заңсыз контент таратқаны үшін айыппұл арқалады.
Сонымен қатар, 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Асылжан Танаберғанов TikTok-тағы тікелей эфирлерінде бір-біріне қасақана дене жарақатын салып, аудитория тарту және қайырымдылық қаражатын көбейту мақсатында «хайп» ұйымдастырғаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІМ-нің департамент басшысы әрі ресми өкілі Шыңғыс Әлекешевтің айтуынша, әлеуметтік желідегі анонимді аккаунттар да заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайды.
«Тіпті анонимді аккаунт немесе телефон экранының артына тығылу жауапкершіліктен құтқармайды. Ішкі істер министрлігінде кез келген заң бұзушыны анықтауға қажетті барлық құрал бар. Мұндай әрбір оқиға анықталып, әрбір заң бұзушы заң аясында жауап береді. Енді біз құқық бұзушылардың есімдерін алдын алу мақсатында жариялап отырамыз. Жастарға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зомбылық, қорлау және әдепсіз әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатындардан цифрлық кеңістікті тазарту жұмыстары жалғасады», – деді ол.
ІІМ-нің заңға қайшы контент таратқан стримерлердің жауапкершілікке тартылғаны туралы мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Жаңалықтардың астындағы пікірлер мен ірі пабликтердегі талқылауларға қарағанда, қолданушылардың басым бөлігі қабылданған шараларды қолдап, мұндай жұмыстың тұрақты түрде жүргізілуі қажет екенін айтуда.
Көпшілік назарды стримерлердің өзінен гөрі, мұндай контенттің балалар мен жасөспірімдерге тигізетін әсеріне аударуда. Пайдаланушылардың пікірінше, балағат сөздер, қауіпті пранктер, қорлау мен әдепсіз әрекеттер жасөспірімдердің күнделікті көретін контентіне айналып барады.
Талқылауларда нақты ұсыныстар да айтылуда. Кейбір желі қолданушылары заң бұзушылық белгілері бар эфирлер мен аккаунттарды өздері анықтап, олардың сілтемелерін құқық қорғау органдарына жолдауға дайын екендерін жазуда. Олардың пікірінше, қоғамның белсенділігі мұндай заңсыз контентті дер кезінде анықтауға және жолын кесуге көмектеседі.
Пікірталастың тағы бір өзекті тақырыбы – балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты шектеулер. Бірі TikTok-қа белгілі бір жасқа дейін кіруге тыйым салуды ұсынса, енді бірі мұндай талап барлық әлеуметтік желілерге бірдей қолданылуы керек деп есептейді. Көпшілік кәмелетке толмағандардың интернет кеңістігін пайдалануына бақылауды күшейту қажет деген пікірде.
Сонымен қатар, көптеген пікірлерде заң талаптары көшеде де, әлеуметтік желідегі тікелей эфирде де бірдей сақталуы тиіс екені айтылған. Пайдаланушылардың пікірінше, қаралым мен донат үшін заңды бұзуға немесе қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер жасауға жол берілмеуі керек. Интернет те заң үстемдігі толық сақталатын орта болуы тиіс.