Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Астанада TikTok желісіндегі жалған "емші" сотталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура.
Астана қаласының тұрғыны "TikTok" әлеуметтік желісінде өзін "емші" ретінде таныстырып, экстрасенсорлық қабілеттері арқылы емдеу қызметтерін ұсынған аккаунт ашқан.
"Әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығына қатысты мәселелері бар екенін білген ол, өзін ерекше қабілеттерге ие тұлға ретінде көрсетіп, белгілі бір ақыға "емдеу" қызметін көрсете алатынына сендірген", - дейді прокуратурада.
"Емші" 3 жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденіп, оны букмекерлік кеңселерге жұмсаған.
Ол сотта кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеді.
Сот үкімімен алаяқ "емші" 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.