Тіл мәселесі: Тоқаев құқық қорғау органдары мен қоғамға үндеу жасады

24.09.2026

Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде қазақ тілінің рөлі, өзге тілдерге деген көзқарас және этносаралық араздықты қоздыру әрекеттері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Осыған дейін бірнеше мәрте айтқанмын: ұлтты ұйыстырып, мемлекетіміздің іргесін бекемдейтін ең маңызды фактор – мемлекеттік тіл. Бұрын болжаммен, долбармен ғана айтылатын жағдай қазір шындыққа айналды. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, тіпті саяси мәжбүрлеусіз өрісі кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналды. Әсіресе, жастарымыздың қазақ тілінде еркін, сауатты сөйлейтіні қуантады.

Ана тіліміз мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие, ұлттық мәдениетімізді, болмысымызды шырайлы да шұрайлы туған тіліміз арқылы көрсетеміз. Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды. Мұның бәрі – толеранттық пен сенімге негізделген ортақ жұмыстың нәтижесі", - деді Президент.

Алайда, Президенттің айтуынша, бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді.

"Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды", - деді Тоқаев.

Президенттің айтуынша, оллардың көздегені біреу – қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару.

"Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген "Заң мен тәртіп" қағидатына сай әрекет етуіміз қажет", - деді Тоқаев.

Халықтың ой-пікірін, талап-тілегін ескеру: Президент Халық кеңесі мүшелеріне бағыт-бағдар берді

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью