Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
- Жаңа ғана біз 1993 жылғы Минск конвенциясы https://kaz.inform.kz/news/tmd-memleketter-arasinda-aliment-ondru-tartb-zhenldeyd-253f45/ тетіктері арқылы баланың құқықтарын қорғау мәселесін қарастырдық. Алайда нақты бір отбасы үшін конвенцияның атауы маңызды емес. Маңыздысы – сот шешімінің нақты жұмыс істеуі. Бала үшін мемлекеттердің қай шарт аясында ынтымақтасатыны бәрібір. Оған алименттің уақытылы түсуі маңызды. Қарапайым азамат үшін сот актісінің орындалуы басқа мемлекет қандай конвенцияны қолданатынына тәуелді болмауы тиіс. Осыған байланысты сіздердің қарауларыңызға «2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Конвенцияға өзгерістер енгізу туралы» хаттаманы ратификациялау мәселесі ұсынылады, - деді құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Оның айтуынша, бүгінде ТМД кеңістігінде екі шарттық негіз қолданылады: 1993 жылғы Минск конвенциясы, 2002 жылғы Кишинёв конвенциясы. Кейбір мемлекеттер біріншісін, ал кейбірі екіншісін қолданады. Егер өзгерістер тек бір шартқа енгізілсе, құқықтық қорғау толық болмайды. Бала үшін бұл – тәуекел. Ал, азамат үшін – белгісіздік. Ұсынылып отырған Хаттама осы айырмашылықты жояды. Ол алимент бойынша сот бұйрықтарын тану тетігін екінші келісімшарттық негізге де қолдануға мүмкіндік береді.
- Бұл мемлекеттер арасында қай Конвенция қолданылатынына қарамастан, алимент өндіру туралы сот бұйрығы бірыңғай қағидалар бойынша танылып, орындалатынын білдіреді. Бұл – жүйелілік. Бұл – болжамдылық. Бұл – тең қорғалу деген сөз, - деді ол.
Министрдің айтуынша, құжат борышкердің тиісінше хабардар етілгенін растауды талап етеді. Егер бұйрық тапсырылмаса – оны танудан бас тартылуы мүмкін. Осылайша қорғану құқығы сақталады.
- Біз баланы қорғаймыз. Бірақ қатаң құқықтық аяда әрекет етеміз. Жаңа Конституция жобасы адамды және оның құқықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындайды. Бұл қағидат барлық халықаралық тетіктерде бірдей жұмыс істеуі тиіс. Бүгін біз жай ғана құжатты ратификациялап отырған жоқпыз. Біз құқықтарды қорғаудың тұтас, кемшіліксіз және айырмашылықсыз жүйесін қалыптастырып отырмыз, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Осыған дейін ТМД мемлекеттері арасында алимент өндіру тәртібі жеңілдейтіні туралы жаздық.