Inform.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
- Хаттама ТМД мемлекеттері арасында сот актілерін өзара тану тетігін кеңейтеді. Енді мұндай актілер қатарына кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары тікелей енгізіледі. Бұл – маңызды қадам. Себебі сот бұйрығы – жедел құқықтық құрал. Ол ұзақ сот процесін өткізбей шығарылады. Сондай-ақ, баланың құқығын уақытылы қорғауға мүмкіндік береді. Алайда борышкер басқа мемлекетте болған жағдайда, шешім тек қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Осы мәселені Хаттама шешеді, - деді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Аталған ратификациядан кейін:
- сот бұйрығы Конвенция аясында тікелей танылады;
- рәсім түсінікті әрі болжамды болады;
- сонымен қатар, орындау – нақты қамтамасыз
етіледі.
- Жарияланған жаңа Конституция жобасында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Ата Заңымыздың жобасында ерекше назар мына қағидаттарға аударылды: әділеттілік принципін нығайту, сот шешімдерінің нақты орындалуын қамтамасыз ету, баланың мүддесіне басымдық беру, сондай-ақ, мемлекеттің құқық қорғау тиімділігі үшін жауапкершілігін арттыру. Хаттаманы ратификациялау осы құндылықтармен толық үндеседі. Конституциялық дамудың жаңа моделі декларацияларға емес, нақты жұмыс істейтін тетіктерге негізделеді. Құқықты қорғау – бұл тек норма емес. Бұл – орындалу. Мұнымен қоса, жаңа конституциялық модель құқықтық айқындық қағидатын күшейтеді. Азамат мынаны білуі тиіс: егер сот актісі бар болса – ол орындалады. Бүгінде трансшекаралық алименттік істерде белгілі бір құқықтық олқылық бар. Хаттама осы олқылықты жояды. Ол сот бұйрықтарын тануға және орындауға жататын актілер тізбесіне тікелей енгізеді, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазір шетелде жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтары бар және олардың кейбірі отбасын құрып жатыр. Бұл ретте, трансшекаралық отбасылық даулар саны артып келеді.
- Мұндай істердегі ең ауыр мәселе – ажырасу емес. Ең ауыр мәселе –алименттің төленбеуі. Мемлекет сырттай бақылаушы бола алмайды. Біз халықаралық ынтымақтастық арқылы юрисдикциямыздан тыс жерде де жұмыс істейтін тетік құруға міндеттіміз. Соңғы 5 жылда мұндай өтініштердің саны 102-ге жетті (Қазақстан соттарымен алименттерді өндіріп алу туралы шешімдерді тану және оларды орындауға рұқсат беру жөніндегі өтінішхаттар қаралды)... Хаттаманы ратификациялау баланың құқықтарын қорғауды күшейтеді, тараптар мүддесінің теңгерімін қамтамасыз етеді, сот актілерінің орындалуын арттырады, конституциялық жаңару бағытына сәйкес келеді, сонымен қатар, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтады, - деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, Әділет министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы жеке сот орындаушыларының өндірісінде алименттік міндеттемелерге қатысты 317,9 мың іс болған.