Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. ТМД Парламентаралық ассамблеясы Қазақстанда өтетін референдумға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұған дейін сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ассамблея кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкоға жаңа Конституция бойынша өтетін референдумды халықаралық бақылауға қатысу туралы шақыру хатын жіберген болатын. Соның негізінде ТМД Парламентаралық ассамблеясы атынан 58 адамнан тұратын топ жасақталды. Олардың ішінде сенаторлар, депутаттар мен сарапшылар бар.
Ассамблеяға қарасты парламентаризм мен демократияны дамыту халықаралық институтының мамандары Қазақстанның осы саладағы заңнамасын зерделеп, заңнаманың демократиялық дауыс беру талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды құжатты, сондай-ақ, референдумға дайындық мониторингі бойынша сараптамалық есепті әзірледі. Бұның барлығы 13-14 наурыз күндері қысқа мерзімді мониторинг аясындағы кездесулер кезінде Қазақстанның мемлекеттік билік органдарына табысталады. Ал 15 наурызда бақылаушылар Астана мен басқа да өңірлердегі дауыс беру учаскелерін аралайды.
Бұдан бөлек, ТМД Парламентаралық ассамблеясының өкілдері Әзербайжан (Баку), Армения (Ереван), Беларусь (Минск), Қырғызстан (Бішкек), Ресей Федерациясы (Мәскеу, Санкт-Петерор, Астрахань, Омбы), Италия (Рим), Болгария (София), Оңтүстік Корея (Сеул) мен Францияда (Париж) орналасқан дауыс беру учаскелеріне де барады.
Қазақстанның жаңа Конституциясы бойынша өтетін референдумда дауыс берілгеннен кейін топ мүшелері қорытынды құжатты талқылауға жиналады. Оны референдум нәтижесінен кейін жариялайды.