Той той болмады...

11.07.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..

Оның үстіне, «осы бәлелердің ауыз­дарына бірдеңе тығып, үндерін өшірейік» деген сасық қулық та бар. Бәлесінен аулақ, осы күні блогер деген бәлекеттер шықты. Ұры тазыша тіміскеленіп, тап­пайтынды тауып ала қояды. Со­сын: «Мынауыңды күллі әлемге жаямын. Үйтемін де сүйтемін», – деп қыр соңынан қалмайды. Осындайда жалынан қасылап, көмейіне бір нәрсе тығып жібер­сең, біраз уақытқа дейін жыны басылған бақсыдай тыныш жү­реді. Осы есеппен қияндағы қала­ның әкімі орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына шұғыл тапсырма берді.

Бірінші басшы тапсырма бер­геннен соң, жан бар ма, бар­лығы жапа-тармағай іске кірісті. Бірінші кезекте мол дастарқанға кімдерді шақыру керек деген ең өзекті мәселе алға шықты. Ақыл­мандар жиналып, мәселені ор­таға салғанда ең алдымен блогер­лерді түгендейік деген шешімге барлығы бірдей қол қойды. «Мемлекеттік басылымдардың арасынан тек басшыларын ғана шақырсақ, қалғаны өкпелемейді, өйткені олар да біздің қолымыз­дан жем жеп отыр», – деген орын­басардың дәлеліне ешкім қарсы дау айта алмады. Себебі барлығы да блогерлерден бас­тарын ала қашатын еді.

Салтанатты сәт те келіп жетті. Республикаға аты мәлім қаламгер Қуандық та осы мереке ортасында отыр еді. Ол айна­ласына байыппен қарағанымен, қаламы жүйрік, мәселені терең­нен қозғай білетін журналист әріптестерін іздегенімен, көзіне ешкім түспеді. «Япырай, мен білмейтін тілшілер көбейіп кетіпті ғой» деп ойлады ол. 

Бір кезде әкім марапат ие­лерін ортаға шақыра бастады. Япырай, сыйлық алып жатқандар арасынан біреуін танысашы. Шарбаққа сүйенбесе жүре ал­май­тын қотыр ешкідей біреу­лерге, тиіспесе бойына ас бат­пайтын Жақыпжан Көпірбаев та осында төрде отыр. Төрде бол­ғанда әкімнің оң тізесін басып отыр. Сол жағында бәлеқорлығы­мен екі рет түрмеге жатып келген Есенбай есіп ол отыр. Әй, анау әйелі, екі бірдей баласын ертіп келген белгілі блогер Масат емес пе? Бұл не болып кеткен өзі? Бұл өзі журналистердің мерекесі ме, әлде блогерлердің мерекесі ме? Қуандық қатты өкініп, сыртқа шыға бергені сол, орын­басар­лардың бірі алдынан шыға келді.

– Қалеке! Қайда кетіп ба­расыз?

– Мұнда маған орын жоқ сияқты, – деді Қуандық.

– Неге Қалеке? Біз сіздерге арнап дастарқан жайып отырмыз ғой. 

– Ендеше мұнда кәдігі журналистер неге аз? Шын мәнінде, мемлекеттің саясатын насихаттап, ұлттық мүдде үшін шыр-пыр болып жүрген солар. Шерхан Мұртаза атамыз «арқа­лағаны алтын, жегені жантақ» деп соларға баяғы да баға беріп кетіп еді. Сол жантақты әлі де арқалатып жүр екенсіңдер. Сендер нағыз журналисті бағалай алмайсыңдар. Бүгінгі блогер­лерге деген шексіз құрмет соны паш етіп отыр. Жә, мен қайта берейін, – деді Қуандық.

Орынбасар жата жабысты. Өйткені әкім Қуандықты жақсы танушы еді. Орынбасарға «Қалекеңді ұмытпаңдар» деп ескертіп қойған. Сондықтан оның кетіп қалғаны орынбасар үшін үлкен қатер. Сұрауы қатты болуы мүмкін.

Орынбасар танымал жур­налисті қолтықтап қайтып кел­генде марапат рәсімі басталып кеткен екен. Сахнаға бірінші болып белгілі бәлеқор шықты. Осыдан соң облыстық газет пен телеарнаның басшылары шақы­рылды. Қуандық оларды алыстан байқап қалды. «Е, мен байқамай отыр екенмін ғой, журналистер де шақырылыпты ғой», – деп көңілін демдей бергені сол, сахнаға қайдағы бір қолына өмірінде қалам ұстап көрмеген, екі ауыз сөзінде елу қате өріп жүретін танылмаған «таланттар» бірінен соң бірі қаптап шыға бастады. 

Ой, мына біреуі әлеуметтік желіде аузына келген бәдігін сапырып, біреуді жекпе-жекке шақырып жүрген айтқыштың біреуі ғой. Жұрт мұны блогер ретінде жыға тани да бермейді. Ал мына бір марапат иесі әкім­дерді тығырыққа тіреп, айтқанын орындатып жүрген белгілі бек­бике ғой. 

– Құрмет иелері осылар болса, жетіскен екенбіз, – деген Қуандық алды-артына қарамай, есіктен шыға берді.

Әкімнің орынбасары Қалдар­бек соңынан жүгіріп еді, қайы­рылмады.

«Той той болмады, бала-шаға жеп кетті» деген екен баяғыда біреу. Қуандықтың ойына осы сөз түсіп, мырс етті.

С.ОЛЖАБАЙ

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью