Arasha.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ақмола облысының Қосшы қаласында жалған үйлену дайындығына байланысты алаяқтық дерегі тергеліп жатыр. Әлеуметтік желі арқылы танысқан, бірге отбасы құруды жоспарлаған әйелге сеніп қалған 28 жастағы ақмолалық тұрғын 1,5 миллион теңгеден айрылған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Полицияға алаяқтық фактісі бойынша арыз 31 қаңтар күні түскен. Жәбірленушінің айтуынша, бірге тұрып жүрген әйелі үйлену тойына дайындық пен қалыңмал төлеу сылтауымен оны алдап, ірі көлемде ақша иемденген.
Тергеу барысында анықталғандай, 2025 жылдың тамыз айында 28 жастағы ер адам әлеуметтік желі арқылы бір қызбен танысқан. Әйел өзін Шымкент қаласының тумасы ретінде таныстырып, отбасы сол қалада тұратынын айтқан. Қысқа уақыт араласқаннан кейін екеуі бірге өмір сүруге шешім қабылдап, елордадан пәтер жалдаған.
Жігіт сүйіктісін ата-анасымен таныстырғанымен, қыз өз туыстарымен таныстыруға асықпаған. Алайда ер адам бұған мән бермеген. Бір жарым айдай бірге тұрған соң әйел жүкті екенін айтып, жігіт қарым-қатынасты заңдастыруға шешім қабылдап, тойға дайындықты бастаған. Шығынды азайту мақсатында олар Қосшы қаласындағы жалдамалы пәтерге көшкен.
Жәбірленушінің сөзінше, оның ата-анасы болашақ құдаларға пәтер сатып алу үшін 950 мың теңге кепілақы берген. Сонымен қатар болашақ келінге 600 мың теңгеден астам сомаға алтын әшекейлер сатып алыпты. Алайда көп ұзамай әйел байланысқа шықпай, қоңыраулар мен хабарламаларды елемей кеткен.
Кейін белгілі болғандай, күдікті әйел бұрын некеде болған және үш баласы бар. Алданғанын түсінген ер адам полицияға жүгінген.
Аталған факті бойынша алаяқтық бабы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда күдіктінің жүрген жерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция өкілдері азаматтарды интернет арқылы танысқанда барынша сақ болуға шақырады.
"Қысқа уақыт ішінде танысқан адамдарға ақша мен құнды заттарды беруге болмайды. Әсіресе бірге тұру немесе неке құру мәселесі қозғалғанда аса мұқият болу қажет", – деп ескертті өңірлік полиция департаменті.