Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Атырауда 23 жастағы фельдшер Азамат Асылбековтің өмірін қиған Химпоселоктегі түнгі атысқа қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Айыпталушылар орындығында 19 адам отыр. Жас медицина қызметкерінің қарулы қақтығыс орнына қалай тап болғаны, сондай-ақ оның соңғы демі үзілгенге дейінгі кейбір мән-жайлар белгілі болды.
2025 жылғы 16 тамызға қараған кешті Азамат жұбайымен бірге өткізді. Олар концертке барып, кейін кешкі ас ішіп, үйге оралды. Түнгі сағат бір жарым шамасында оған танысы хабарласқан. Біраз уақыт өткен соң жас жігіт әйеліне досына барып келетінін айтып, үйден шығып кеткен.
Содан кейін әйелі одан көз жазып қалған.
Азаматтың өзі осы қылмыстық оқиғаның басталуына түрткі болған тойда болмаған. Сол күні «Дина» базарының маңындағы «Ляпиза» мейрамханасында екі жас жігіттің арасында жанжал шығып, ол төбелеске ұласқан. Бұл кикілжіңге екі тараптың таныстары араласып, алғашқы төбелестен кейін қатысушылар мәселені басқа жерде шешуге бел буған.
Телефон арқылы қоңыраулар шалынып, адамдар жинала бастады және қару іздестірілді. Жаңа кездесу орны ретінде Химпоселоктегі Менделеев көшесі аумағындағы учаске таңдалды.
«Ақ Жайық» бұған дейін хабарлағандай, Жұмыскер жақтан бұл жерге бірнеше көлікпен 16 шақты адамнан тұрған топ аттанған. Кейін оларға қолында қаруы бар тағы екі танысы қосылған. Қарсы тарап та кездесуге дайындалып жатқан.
17 тамызға қараған түні қақтығыс атысқа ұласты. Азамат кеуде тұсынан оқ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды.
Ажалға кім жауап береді?
Айыпталушылардың саны көп болғанымен, оларға тағылған айыптар әртүрлі.
Фигуранттардың біріне ауырлататын мән-жайларда өлтіруді ұйымдастырды деген кінә тағылса, тағы екеуіне сыбайластық жасады деген айып тағылып отыр. Қалғандары бұзақылық, атыс қаруын заңсыз ұстау және басқа да құқықбұзушылықтарға қатысты эпизодтар бойынша өтуде. Айыпталушылардың бірі аса ауыр қылмысты жасырды деп айыпталып отыр.
Дегенмен, атыстың нақты қалай басталғанын анықтау оңай емес. «АЖ» ақпараты бойынша, қатысушылардың берген жауаптары бір-біріне қайшы келеді. Сот оқиғалардың тізбегін қалпына келтіріп, кім оқ атқанын анықтауы және әрбір айыпталушының жауапкершілігін белгілеуі тиіс.
Жұбайын күткен әйел, оның қаза тапқанын полиция басқармасында естіді
Түнгі сапардың немен аяқталғанын Азаматтың жұбайы полиция басқармасында білді.
Жас жұбайлар 2025 жылдың сәуір айында отау құрып, алғашқы сәбиін күтіп жүрген еді. Қайғылы оқиға орын алған кезде әйелдің жүктілік мерзімі жеті айға толған.
Азамат Атырау қалалық жедел медицинаық жәрдем станциясында фельдшер болып жұмыс істеді. Оның асырауында әжесі болды.
Бөтен біреудің тойындағы қонақтардың арасындағы жанжал бастапқы қақтығысқа қатысы жоқ отбасы үшін қайғылы жағдаймен аяқталды. Жас әйел жесір қалып, сәби дүниеге келмей жатып әкеден айырылды.
Айгүл МАНСУРОВА
Бүгін, 10:54