Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
АЛМАТЫ, 23 маусым - Sputnik. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында тойдан уланғандар саны артты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тойда астан уланған тағы 11 адам дәрігер көмегіне жүгінді.
"23 маусым сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясының белгілерімен 113 науқас медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылды. Санитариялық қызметке шұғыл хабарламалар жолданып, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынамалар алынды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың кейбірінің жағдайы орташа ауыр, ал кейбір науқастың жағдайы жақсарып келеді.
Полиция қылмыстық іс қозғады.
"Улану фактісіне қатысты Қылмыстық Кодекстің 304 бабы "Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - дейді облыстық полиция департаменті.
Еске сала кетейік, Қандыағаштағы "Тұмар" мейрамханасына тойға барғандар жаппай уланып қалды. Бірінші күні 102 адам ауруханаға жатқызылған болатын.