Төл мерекемізді түлеткен Тұрар

21.03.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Алайда осы әз-Наурыз мерекесі қайдан келді? Қазақ топырағында қай уақыттан бері жаңғырды? Төл мерекемізді түлетуге кімдер жанашырлық танытты? Өткенге көз салып, тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып көрсек.

Жалпы, Наурыз мерекесі­нің тарихы тым тереңде. Бес мың жылдан бері Ұлы дала тө­­­сінде ізгіліктің шұғыласын ша­шып, табиғатпен үндесе мере­ке­ле­ніп келе жатқан Ұлыстың ұлы кү­ні­нің маңызы мен мазмұны да ай­рықша. Әрине, есте жоқ ескі за­­­мандарда әз-Наурыз жал­пы­ха­лық­тық сипат алып, кең көлемде той­ланғанымен, оны айқындай­тын ешқандай мәртебесі болмаған екен. Міне, осы Ұлыстың ұлы кү­нін мемлекеттік мереке ретінде бе­кітіп, арнайы бұйрыққа қол қой­ған алғашқы тұлға – қоғам қай­раткері Тұрар Рысқұлов. 

ХХ ғасыр басында негізі қа­ла­на бастаған Алашорда мем­ле­ке­ті­нің идеологиясына алғышарт есе­­­­бінде Наурыз мерекесінің уа­қы­тына қа­тысты талас-тартыс өр­ши бас­тай­ды. Бұл мәселеге 1915 жылы Алаш кө­семі Әлихан Бөкейханов нүкте қойып, сол кезден бастап 22 нау­рыз Ұлыстың ұлы күні ретінде қо­ғамдық ортада бекиді. Осыны не­гізге алған қазақстандық боль­ше­виктер де осы датаға тоқтайды. Сөйтіп, 1920 жылғы 20 наурызда елі­­­міздің оңтүстігінде құрылған Түр­кістан Республикасы советі ор­талық атқару комитетінің төра­ға­сы Тұрар Рысқұлов Наурыз мей­ра­мына мемлекеттік мәртебе беретін бұйрықты жариялайды. Бұл әз-Наурызға арналған тұң­ғыш мәртебелі құжат еді. Бұл құн­ды құжатта «Түркістан совет Рес­пуб­ликасы советтерінің Орталық ат­қару комитетінің осы жылғы 20 наурыздағы қаулысына сәйкес, қау­лы етемін: 22 наурыз – «Көктем ба­сы – Наурыз» бүкілхалықтық ме­рекесі деп саналсын» деп жа­зыл­ған. Оған сәйкес, үкіметтік ме­ке­ме­лерге наурызды атап өтуге сеп­тесу жүк­­теледі. Қаулы телег­раф­пен жә­не телефонмен таратылып, ол ту­ра­лы сол кездегі газеттер де сүйін­­­ші­леп жазады. 

Бұл жерде Тұрар Рысқұлов мей­­рамға «Көктем басы – Наурыз» деген айрықша атау беруі те­гін емес. Өйткені сол тұста Кеңес билігінің тізгінін ұстағандар Ұлыстың ұлы күнін діни мереке деп бұрмалауға кіріседі. Ал Тұрар оларға қарсы шығып: «Наурыз – көк­тем мерекесі, ол халықтық мей­рам. Билік ресми ұйым­дас­тыр­сақ, халық та бұл қадамды жылы қа­былдайды», деп қарсы уәж ай­та­ды. Сөйтіп, Мәскеумен ке­ліс­пес­тен осы бұйрықты шығарады. Кейін бұл құжатты Жамбыл об­лыс­тық архивінің қызметкері бол­ған Мақұлбек Рысдәулет осыдан 20 жыл бұрын мұрағаттан тауып ала­ды. Осылайша, шаң басқан ар­хив қағаздарының арасында жат­қан құнды құжат араға ширек ға­сыр салып жарық көреді. Негізі, Тұрар Рысқұловтың бұл бұйры­ғы­ның бір көшірмесі Ташкент ар­хи­він­де де жатыр екен. Бұл жайында та­рихшы Ордалы Қоңыратбаев өз естеліктерінде айтады. 

Тағы бір тарихы деректерге сүйенсек, Ұлыстың ұлы кү­ні халықтық мереке ретінде 1930-32 жылдардағы ашар­шы­лық­қа дейін тұрақты түрде өтіп тұрған екен. Тек қана «наурыз» атауының ор­нына «амал», «қамал» деген бас­қа сөздер қолданылған. Бірақ ашар­­­­шылық белең алған тұста, ме­­реке мүлдем атаусыз қалады. Ашар­шылық бітіп, репрессия аяқ­талып, қазақ жеріне жылымық ене бас­таған шақта оңтүстік аймақ­тар­да «Көп көже» деген атпен Ұлыс­тың ұлы күні қайта жаңғыра бас­тай­ды. 

Билік тарапынан ресми шек­теу қойылғанымен, Кеңес зама­нын­да ұлт зиялылары астыртын бол­са да әз-Наурызды ел есіне са­лып тұрған. 

1985 жылы Кеңес Одағында бас­талған «қайта құру және жа­рия­лылық» кезінде халық Нау­рыз мейрамын кеңшар-ұжым­шар, тіпті қала көлемінде біртіндеп атап өте бастайды. Осы тұста Нау­рызға «мемлекеттік мереке» мәр­те­бесін беру мәселесі күн тәртібіне қай­та көтерілді. Бұл іске сол кез­дегі Қазақстан компартиясы Ор­та­лық комитетінің хатшысы бо­лып сай­лан­ған Өзбекәлі Жә­ні­беков қызу кі­ріседі. Бұл 1988 жылдың ақпан айы болатын. Осылай қолға алын­ған ілкімді істердің нәтижесінде, Наурыз мерекесі 1988 жылы алғаш рет Алматы қаласы мен Алматы об­лысының Жамбыл ауданында үл­кен халықтық мейрам ретінде атап өтілді. Ал араға бір жыл са­лып, яғни 1989 жылы Қазақстан­ның барлық облысында жаппай тойланып, бүкілхалықтық көрініс тапты.

Осы кезде Әулиеата жерінде де әз-Наурыз мерекесі қайта жаңғыра бас­тады. Сол тұста Жамбыл қала­лық мәдениет бөлімін басқарған Мәскеу Нохрабековтің айтуынша, Ұлыс­тың ұлы күні Жамбыл же­рін­де ерекше ұлықталған екен. 

– 1988 жылдары газет бет­терін­де Наурыз мерекесін ұлттық мей­рамға айналдыру туралы там-тұм­дап айтыла бастады. Содан бұл мей­рамды неге Жамбыл жерінде жаң­ғыртпасқа деген ұсыныспен қа­лалық және аудандық пар­тия­ның атқару комитетіне шықтым. Алай­да ондағылар мұндай мей­рам­ды естімегенін айтып, қолдай қой­мады. Сонда да райымнан қайт­пай, Жамбыл педагогикалық инс­титутында сол жылдары жұмыс іс­теген профессор марқұм Қапаш Тас­болатовқа барып, Наурыз мей­рамы туралы мәлімет алдым. Ол ма­ған бар білгенін айтып, әдет-ғұрып­тарын түсіндірді. Шыны ке­рек, ол кезде наурыз көженің өзін қалай әзірлейтінін білмейді екенбіз. Содан Фурманов көше­сі­нің бойынан екі жерден қазан кө­теріп, наурыз көже пісіріп, №9 ық­шамауданындағы мектеп жа­ны­на киіз үй тіктік. Сонымен қатар ал­ғаш рет алтыбақан құр­ғыз­дық. Алайда Ұлыс күнін дүр­­кіретіп той­лаға­ны­мыз­бен, ертесіне қала­лық па­р­­тия кеңесі мені ша­қырып алып, «ұлт­тық мерекені наси­хат­та­ғаны үшін» деп қатаң сөгіс берді. Де­се де, 1989 жылы Қазақстан ком­­­партиясының орта­лық коми­тетінің бұйры­ғы­­мен Наурыз ұлт­тық ме­­ре­ке болып бекітілді. Осы­­­­дан бастап Ұлыстың ұлы кү­ні Жам­был жерінде заңды той­лана бас­тады, – дейді М.Нох­ра­беков. 

Жамбыл жеріндегі алғашқы заңды бекітілген Наурыз ме­ре­кесінде 3 мыңнан астам адам­ды қамтыған қойылым әзірленіп, 400-ден аса киіз үй тігіліпті. 

– Орталық комитеттің бұйры­ғы шыққаннан кейін, Наурыз мей­­рамын қалай тойлаймыз деп жан-жақты ойландық. Содан ха­лық ауыз әдебиетіндегі ертегі кейіп­­керлері мен аңыз тұлғалар­дың бейнесін көрсету үшін арнайы сценарий жасауға бекіндік. Бұл топ­қа Рахмет Өзбеков, Болат Мәу­ленов сияқты журналистер мен сол кезде облыстық театрды бас­қа­рып отырған Әскер Құлданов кір­ді. Содан мерекенің сценарийін тұп-тура бір апта дайындадық. Қойылымдарға 3 мыңнан астам адам қатысатын болып шешілді. Осы тұста, тұңғыш рет ұлттық жә­не ертегі кейіпкерлерінің киімін тік­тірдік. Қордай ауданынан көрі­ніс­­терге қажетті үш күйме жаса­тып, Жамбыл ауданынан 50 ат ал­­дырдық. Сондай-ақ Ойық сов­хо­зынан 15 түйе жеткізілді, – дейді Мәскеу Нохрабеков.

Осындай дайындықпен бас­тал­­ған мереке күні атқару комите­ті­нің төрағасы мен қалалық пар­тия­ның бірінші хатшысының ха­­лыққа құттықтауын 10 мың дана етіп шығарып, оны ұшақпен қа­лаға шашқан. Бұдан бөлек, осы кү­ні автобустар барлық бағытта те­гін қатынап, қала тұрғындарына саябақтар мен сауықтыру орын­дары ақысыз қызмет көрсетіпті. Ал­ғашқы мерекелік іс-шараның ашылуында Роза Рымбаеваның орындауындағы ақиық ақын Мұқа­ғали Мақатаевтың «Наурыз» әнінің үнтаспасы қойылған. 

– Осылайша, жұдырықша жұ­мы­лудың арқасында өткен Наурыз тойын келесі жылы да бар салта­на­тымен атап өттік. Ол кезде қа­зір­гі «Атшабарға» 400-ден аса киіз үй тігіліп, тұңғыш рет ақындар ай­­тысы, бәйге, қыз қуу, тай көтеру, теңге ілу сынды ұлттық ойындар ой­­натылды. Бұл жолғы мерекелік ша­рамызды «Қазақфильм» ки­но-с­тудиясы түсіріп, кейіннен «Жа­сар­ған Жамбыл жері» атты фильм етіп шы­ғарды, – дейді Мәскеу Нохра­беков. 

P.S.

Міне, осылайша Тұрар Рысқұлов мемлекеттік деңгейде тұңғыш рет тойлатқан төл мерекеміз – әз-Наурыз тәуелсіздік жылдары қайта түлеп, өз тұғырына қонды. Жылдан-жылға ұлық мейрамның мән-маңызы артып, мерекелеу көлемі де кеңейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы бірер жылдың бедерінде «Наурызнама» онкүндігі әзірленіп, соның аясында тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылуда. 

Бұл  – Ұлыстың ұлы күнінің жаңаша сипат алғанының жарқын көрінісі. Енді келер ұрпақ осынау ұлық мейрамымызды одан әрі ұлықтап, өміршеңдігін ұзақ қылады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы 

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью