Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Индер ауданында электр желісін жөндеу кезінде қайғылы жағдай болды.
«Атырау-Жарық» ЖШС-нің жұмысшысын қатты тоқ соғып, санитарлық авиациямен Астанаға жеткізді. Дәрігерлер оның сол қолы мен аяғын кесуге мәжбүр болды.
Қазір ол елордадағы арнайы медициналық мекемеде ем қабылдап жатыр, дәрігерлердің бақылауында.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол ауыр жағдайда жеткізілген. Консилиум шешімімен шұғыл ота жасалып, ауыр жарақаттарға байланысты ампутация жүргізілген.
Еңбек инспекциясы арнайы тергеу қорытындысында еңбек қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғанын анықтады.
- Электр желісін жөндеу кезінде диспетчер қысқа уақытқа кернеу беріп жіберген. Соның салдарынан жұмысшы электр тоғына түсіп, ауыр жарақат алған, — деп хабарлады Атырау облысының еңбек инспекциясы.
Комиссия оқиғаны тікелей еңбек қызметімен байланысты деп таныды. Тергеу барысында рұқсат қағазының дұрыс рәсімделмегені, жерге қосу құралдарының қолданылмағаны және диспетчерлік бақылаудың жеткіліксіздігі анықталды.
- Комиссияның қорытындысына сәйкес, жұмыс берушінің кінәсі — 80 пайыз, ал зардап шегушінің кінәсі — 20 пайыз деп белгіленді. Тексеру материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданды, — деп хабарлады инспекция.
Зардап шегушінің туыстары оның жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілмегенін айтып, тергеудің әділдігіне күмән келтіруде. Компания өкілдері қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын, емдеу шығындарын кәсіпорын өз мойнына алғанын хабарлады.
Оқиға 2025 жылғы 19 желтоқсанда Индер ауданына қарасты Көктоғай ауылы маңында болған. Электр желісін жөндеу кезінде «Атырау Жарық» ЖШС-нің электр монтері Еламан Сағиевті қатты тоқ соғып, ауыр жарақат алды.
Айгүл МАНСУРОВА
Бүгін, 11:59