Тоқаев 2027 жылдың соңына дейін жаңа Азаматтық кодекс қабылдауды ұсынды

28.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Азаматтық кодекс әзірлеп, оны келесі жылдың соңына дейін қабылдауды ұсынды. Бұл туралы Мемлекет басшысы "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты халыққа Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Президент қолданыстағы Азаматтық кодекс өткен ғасырдың 90-шы жылдарында қабылданғанын айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарып шықты десек, артық болмайды. Бұл құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншікті қорғау қағидатын бекітті.

Бұған қоса, жаңа тарихи дәуірдегі азаматтық қатынастардың құқықтық негізін қалыптастырды. Президенттің пікірінше, қанша жерден сапалы болса да, бұл Азаматтық кодекс өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленген.

"Сол кезде озық технологиялардың заты түгіл, аты да жоқ болатын. Әрине, кейінгі 30 жыл ішінде бүкіл әлем, соның ішінде қоғамымыз түбегейлі өзгерді", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, болашақтың экономикасына байыппен көшуге құқықтық негіз болатын жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажет.

Осыған байланысты Президент Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп, таяу арада құжатты әзірлеуге кірісуді ұсынды.

"Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесе отырып, осы маңызды құжатты әзірлеуге тез арада кіріскені жөн. Құрылтай жаңа Азаматтық кодексті келесі жылдың аяғына дейін қабылдаса жөн болар", - деді Тоқаев.

Еске салайық, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью