Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
АСТАНА, 8 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды "Азаматтық келісім" партиясының парламенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Көптеген халықаралық байқаушының алдын ала мәліметінше, сайлау елдің қолданыстағы сайлау туралы заңнамасына сай, ашық әрі азаматтардың еркін білдіруіне тиісті жағдай жасала отырып өткен.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянның Армения елінің ұзақмерзімді ұлттық мүддесі жолындағы қызметте табысқа жете беруіне тілектестік білдірді", - деп жазылған хабарламада.
Президент Қазақстан достас Армениямен барлық салада өзара мүддеге сай белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев армян халқына мемлекеттілікті дамытуда сәттілік, бейбітшілік пен бақ-береке тіледі.