Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бахрейн королі шейх Хамад бен Иса Әл Халифамен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, Қазақстан қазіргі қиын-қыстау шақта Бахрейн халқына тілектес екенін айтты, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Бахрейн мен басқа да елдердің азаматтық инфрақұрылымын зымыранмен атқылауға алаңдаушылық білдірді.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан жағдайды одан әрі ушықтырмай, қақтығысты диалог және дипломатия жолымен бейбіт түрде шешуді құптайтынын жеткізді", - деп жазылған хабарламада.
Король Хамад бен Иса Әл Халифа ұдайы қолдау көрсеткені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарға баса мән бере отырып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға ниетті екенін растады.
Тараптар Қазақстан-Бахрейн арасындағы достық қатынас пен серіктестікті одан әрі нығайтуға бейіл екенін жеткізіп, қасиетті Рамазан айында екі ел халқына бейбіт өмір, бақ-береке тіледі.