Sputnik.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
АСТАНА, 14 мамыр – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен келіссөздің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бір-біріне шынайы тілеулес елдер
Екі елдің басшысы келіссөздің нәтижесі бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Сол жерде Қасым-Жомарт Тоқаев, атажұртқа тағы ат басын тіреген Ердоғанға шынайы ризашылығын білдірді.
"Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын", - деді Тоқаев.
Осыдан кейін президент Түркияның әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет, ал соның барлығы Режеп Тайип Ердоғанның көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін ерекше атап өтті.
"Сондай-ақ мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын", – деді Қазақстан президенті.
Келіссөздердің нәтижесінде бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Ал, ең бастысы, қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін "Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы" декларация қабылданды.
Алыс-беріс 5 млрд долларға жетті
Ресми мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін түрік кәсіпкерлері Қазақстан экономикасына 6 миллиард доллар салған. Ал Қазақстанның бауырлас мемлекетке салған инвестициясы шамамен 2,5 миллиард долларды құрап отыр.
"Қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейді. Бұл – біздің ұзақ мерзімге арналған серіктестігіміздің кепілі. Сондай-ақ Түркия – еліміздің ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы алыс-беріс 8,8 пайызға өсіп, 5 миллиард доллардан асты. Әрине, экономикамыздың әлеуетін ескеретін болсақ, бұл көрсеткішті арттыруға толық мүмкіндік бар", - дейді Тоқаев.
Ал Ердоғанның айтуынша, тараптар екі елдің сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті.
Орта дәліздің әлеуетін арттыруға уағдаласты
Былтыр Қазақстан мен Түркияның арасындағы жүк тасымалы теміржолмен 35 пайызға, ал автокөлікпен 5 пайызға артқан.
"Біздің елдерімізді Шығыс пен Батысты жалғайтын көпір деуге болады. Осы ортақ игілігімізді барынша тиімді пайдалану қажет. Сондықтан қадірлі Режеп Тайип Ердоған мырзамен нақты жобалар арқылы "Орта дәліздің" әлеуетін арттыруға уағдаластық. Бұл қос халықтың мүддесіне толық сай келеді", - деп атап көрсетті Қазақстан президенті.
Түркия президенті Каспий арқылы өтетін Орта дәлізді Жібек жолының бүгінгі баламасы деп санайды. Ал оның маңызы күн санап артып келеді.
"Біз Қазақстанмен және басқа да серіктестерімізбен бірге бұл дәлізді тауар тасымалын ілгерілету үшін ынталандыруды жалғастырамыз", – деді Ердоған.
Бүгінде Түркияның TAV Airports Holding компаниясы Алматы халықаралық әуежайын Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретінде дамытуға мүдделі. Бұл жобаға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Тоқаевтың айтуынша, үкімет Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер де ұсынуға дайын.
Түркияның ірі компаниясы келеді
Тоқаев пен Ердоған мұнай-газ саласындағы ықпалдастықты жандандыруға да уағдаластық.
"Turkish Petroleum Corporation компаниясы Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Біз мұны құптаймыз. Еліміз ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі", - дейді Тоқаев.
Қазақстан президенті түрік компанияларын тау-кен саласына да шақырды. Себебі олардың кен орындарын игеру, металды қайта өңдеу және құйма өндірісі саласындағы тәжірибесі мол.
"Сонымен қатар біз Түркия президентімен жақын арада ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын ұлғайтуға арналған Жол картасын қабылдауға келістік. Бұл қадам дәнді-дақыл экспортын арттыруға ықпал етеді. Түркияның заманауи агротехнологияны кеңінен қолданып жатқаны белгілі. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып отырмыз", – деді мемлекет басшысы.
Екі елдің цифрландыру саласындағы әріптестігі де дамып келеді. Kaspikz компаниясы Түркияның Hepsiburаda компаниясының жұмысын жандандырса Freedom Holding Түркия нарығында цифрлық экожүйе мен брокерлік қызметті қалыптастырады.
Айта кетері, бүгін Тоқаев пен Ердоған Қазақстанның гуманитарлық көмегі аясында салынған жаңа мектепті бейнебайланыс арқылы ашты. Алдағы уақытта Түркияның "Маариф" қоры Астана мен Алматыда екі мектеп салады.