Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
— Біз ежелден төрде басы, төскейде малы қосылған, іргесі ажырамаған жұртпыз. Дегенмен, елдеріміз шекаралас емес. Сондықтан көлік-тасымал саласындағы ынтымақтастығымыз көршілерімізге тікелей байланысты. Жол екі ел арасындағы өзара байланыс көзі, тығыз қарым-қатынас кепілі екені белгілі. Біз бұл мәселенің аса өзекті екенін жақсы түсініп отырмыз. Сондықтан Хурэлсүх мырза екеуіміз Қазақстан мен Моңғолия арасында төте жол ашуға мүдделі екенімізді растадық. Кездесу барысында елдерімізді жалғайтын автокөлік жолын салу жөнінде ортақ келісімге қол жеткіздік, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бұл жан-жақты сараптап, мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі мәселе.
— Десек те, ең бастысы жол құрылысы бойынша мақсатымыз бір. Сол себепті біз құрметті Президент мырзамен жасалған уағдаластыққа сәйкес, алдымен бірлескен үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы шешімге келдік. Аталған жұмыс тобы осы мәселе бойынша барлық түйткілді қарайды. Көршілес елдермен келіссөздер жүргізеді және жалпы жобаның уақыты орындалуын қадағалайды. Алдағы уақытта Қазақстан-Моңғолия автожолы елдеріміздің арасындағы сауда-саттықты арттыруға ерекше серпін беретіні анық. Бұл жолдың игілігін іргелес елдер де көретін болады, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде ТрансАлтай сұхбат алаңын құруды ұсынғанын еске салды.
— Алтайдың 4 жағын мекен еткен мемлекеттердің сауда, көлік-логистика, туризм, мәдениет саласындағы мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келуіне толық мүмкіндік бар. Осы ретте 4 елдің көлік-логистика әлеуетін бір арнаға тоғыстырып, бірлесе жұмыс істей аламыз. Бұл қадам алыс-берісті ғана емес, Алтай бірегей туристік кластерін дамытуға жол ашады, — деді Президент.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия Президентін қарсы алғанын жазған едік.